Арон Атабектің қызы: Ақыры маған әкемді көруге мүмкіндік берді!

12126
Adyrna.kz Telegram

Кешеден бері мен, біздің отбасымыз төңірегінде бәрі бейне бір әлдекімнің әмірімен жүріп жатқандай, абдыраған және еркімнен айырылған сезімде жүрмін. Маған кенет Алматыдағы жеке клиниканың әкем жатқан палатасында онымен бірнеше минут жүздесу мүмкіндігін берді, және бұл жолы ешкім менен Атабектің қызысың ба, жоқ па деген құжат талап етпеді.

Бәрі негізгі әрекеттер перде сыртында жүріп, ал олар жөнінде ентігіп жеткен қуғыншы хабарлайтын ежелгі грек пьесасындағыдай. Кеше түске салым бізге журналист Қанат Тілеухан қоңыраулатты: «Арон Атабек табылды! Пәленше клиникада жатыр, ковидтен жазылған, алып кетулеріңізге болады». Батырдың жатқан жері біз үшін жаңалық емес еді; таңдандырғаны, оны бізге өйстіп оп-оңай, теория жүзінде, бере салатындығы болды. Әйтпесе, 1-ші қазанда оны түрмеден босатқалы бері біздің апашкамыз Разия Нутушева өз үйін алынбас қамалға айналдырып, менің әкеме жолығу мүмкіндігін шектеп қойып еді ғой. Одан кейін Арон жеке клиникадан бір-ақ шықты, алайда онда да бізді, Аронның әйелі мен балаларын, кіргізбеді. Біздің бүгелі-шігелі сұрақтарымызға Қанат Тілеухан өзіне әкеміздің «сауыққаны және оны үйге әкетуге болатыны» жөнінде қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан хабарлап, ал бұған парламент депутаты Ирина Смирнова айтқан деп жауап берді. Және айтқаны, «әу бастан Аронды өз қамқорлығына да алып, жеке клиникаға да жатқызған», жалпы, Смирнова екен. Ал Мұхтар Тайжан Қанат Тілеуханға «Аронды үйге әкетуімізге болатынын» хабарлауды тапсырған. Бізге клиниканың бас жетекшісінің ұялы телефон нөмірін де берді.

Несі бар, «жарылқаушылар» қатары көбейді деп «қуанған» біз клиникаға жедел шауып бардық. Ковидті жеңгені жақсы, бірақ Аронның тағы екі-үш өте ауыр диагнозы бар ғой, шынымен-ақ соның бәрінен сауықтырғаны ма? Шынымен-ақ Арон енді оны полиция түрмеден апарған өз қарындасының үйіндегі үйқамақ режимінен азат бола ма? Онда, Разия апашканың үйінде, оны қоршап алған қайдағы бір түсініксіз жат адамдар Аронның атынан күдікті саяси мәлімдемелер жасап, оның денсаулығы жөнінде шектеулі және жалған ақпарат таратып жатыр ғой. Ол үйде маған, Аронның туған қызына, оны тек екі рет қана көруге рұқсат берді ғой. Мен әкемнің өтінішімен Фейсбукте оның қазір атақты бейнеге айналған «Бухенвальдтық фотосын» орналастырдым. Соған орай режим «ақ дамбалды еркектің фотосы бейэстетикалық» екендігі туралы айқай шығарған өзінің «ең жақсы» сексоттарының бетін ашып алды. Кейбір екіжүзді «қайраткерлер» «Аронды отбасындағы ұрыс-керіс қинап, туысқандары арасында түрлі кикілжің жүріп жатқандай» әсер қалдыруға тыраштанды. Мұның бәрі Кеңес Одағында болған, қудалаудың мұндай технологиясы туралы мен оқығам. Ал, қандай қоғам қайраткерлерінің осы күз күндері қандай сатқындық жасағанын уақыты келгенде айтып береміз.

«Шынымен-ақ енді Аронды өз үйімізге, оның отбасына алып кетеміз бе?» – деп ойладым мен, Аронға жақын адамдар ортасында таксимен жүйткіп бара жатып. Клиниканың кіреберісінде өзімізді таныстырдық, дереу бізді оның жетекшісі қарсы алды. Сәл алға озып, ол клиниканың атауын мен әлі де айта алмайтынымды ескертем. Бұл жолы дәрігірлердің өз өтінішімен. Әкемнің өмірі солардың қолында, демек, мен олардың Гиппократ антына адалдығына кәміл үміт артамын. Ілгерідегі постымда айтқанымдай, бұған дейін, 22 қазанда, клиника жетекшісі Атабектің «жеке өтенішіне» сілтеп, оның жағдайы туралы қандай да болсын ақпарат беруден үзілді-кесілді бас тартты. Сондай-ақ, ол жолы менің туу туралы куәлігімде әке ретінде «Арон Айдархан» көрсетіліп, ал олардың қолында «Арон Едігеев» екенін көлденең тартқан болатын. Диссиденттің өмірі шым-шытырық және қауіпті оқиғаларға толы, сондықтан аты-жөнін өзгертумен қатар тіпті кейбір достары мен туыстары сатып кетіп, тек оның либералдық сенімі ғана өзгеріссіз қалады. Айтқандай, өткен жолы менен фамилиямды өзгерткенім туралы құжат талап етті, ал ондай құжат тек сот шешімі негізінде ғана берілетіндіктен, қазір мен Аронның өзіме әкелігін растау үшін сотқа жүгіндім. Формалды процедура, бірақ одан өту қажет.

Кешегі күн мен үшін түс көргендей күйде өтті. Бұл жолы мен үшін күтеген жағдай – клиникада менен ешқандай құжат сұрамады. Мені бір бөлмеде жалғыз қалдырып, бірге келген адамдарды қоярда-қоймай шығарып жіберді. Клиника жетекшісі әкемнің жағдайы жөнінде қысқаша айтты да, маған стерилденген киім кигізіп, бірден менің бұ дүниедегі ең қымбат адамым жатқан палатаға апарды.

Әкем кереуетте сұлық жатыр екен. Тамағына, ерлердің жұтқыншағы тұратын жерге, әлдебір түтік тығып қойған. Сол арқылы демалады, сол арқылы, демек, сұйық тамақ ішкізеді. Таза, жарық палата, батыс киноларындағыдай заманауи жабдықтар. Тек әкемнің терімен қапталған жартылай тірі қаңқасы мен бурыл сақал-мұрт қылтанды бейнесі жүрегіме аяздай тиді! Әкем мені жылдам таныды. Жартылай сұсты, жартылай куақы көздері жарқ ете қалды. Содан өзімнің бұрынғы әкемді таныдым. 2006 жылдың ыстық шілдесінде керек болар деп алып кеткен заттарымен біздің лашығымыздан «Шаңырақ ісі» бойынша тергеуге кетіп, қайтып оралмаған әкемді. Содан, міне, 15 жыл өтіпті!

Папама көп нәрсені айтып үлгердім. Көп нәрсені – үлгермедім. Ол біресе менімен келіскен райда басын шұлғып, біресе, әлдене ұнамағанда, көзі тұнжырап жатты. Арон сөйлей алмайды. Тамағында түтік шошайып тұр. Оның не айтқысы келгенін маған әлі алдағы уақытта естуге тура келеді. Оның қолдарын қимылдату, өз аяғымен жүру, өз бетімен отыру және өзін күту қабілеттері қайтып оралса екен! Қазір менің бүкіл ойларым осы жөнінде. Арон өзінің комада болған-болмағанын, оның қаншалықты ұзаққа созылғанын білмейді. Менің тұспалдап берген сұрақтарыма тек бірнеше рет есінен танғанын білетінін байқатты. Сондай-ақ, мен өзімнің ресми анықтама алу үшін сотқа жүгінгенімді айттым. Ол мұны құптады.

Дәрігерлер маған ковидті жеңудің сәті түскенін айтты. Бірақ ішінара болса да сауығып кетуіне бұрылыс әзір жоқ. Басқа да өткір сырқаттар бойынша күрделі процедуралар күтіп тұр. Бәрі болуы мүмкін, талай нәрсе айқындалып, ашылуы кәдік. Кешеден бері өзіме орын таба алмай, түн ұйқтамадым, бірақ күшімді жинап, сіздерге әкем туралы осы жаңалықты хабарлап отырмын.

Айдана АЙДАРХАН,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер