ЕРҚАНАТ КӨПЖАСАРҰЛЫ: Ауыл халқы көтерілсе, соңы үлкен трагедиямен аяқталады

2929
Adyrna.kz Telegram

Түбі ауыл халқы көтеріледі. Көтерілгенде жәй көтерілмейді ашумен шығады. Және бұның соңы үлкен трагедиямен аяқталады. Мен билікті үркіту үшін емес ескерту мақсатында жазып отырмын. Әйтпесе анау жоғарыдағылар күнде телевизордан көрсетіп жатса да естімеген білмеген адам сияқты кейіпте жүр.

Негізі бұл проблемадан үкімет, ауылшаруашылығы министрлігіндегілер жақсы хабардар. Білсе де үндемейді. Ауылдық жерлердегі қарапайым халық жайылым жерсіз қалып жатқанын олар өте жақсы біледі. Заң бойынша ауыл маңында жер жетпей қалған жағдайда әкімдік бұл жерлерді ауыл халқының жайылымы үшін қайтарып алуға толық құқылы. Бірақ әкімдер ауылдағы бай бағландардармен ауыз жаласқан соң оларға қарсы шыға алмайды. Тұрғындарға жерді қайтарып бере алмай отыр.

Қазіргі ауылдағы жағдай тура бір патша үкіметінің кезіндегідей. Бай мен кедейдің арасы жер мен көктей. Байлар алған жерлерін соғыстағы окоптағыдай қоршап тастаған. Бұған заң бойынша тиым салынса да жергілікті құзырлы органдар тағы да үндей алмайды. Кесіренен халықтың малы сол қоршауға құлап қырылып жатыр. Жерді қоршағандарды жұрт фашистерден де әрмен жек көреді. Ақыры ашынған халық қазір тістеніп әзер жүр. Қандары бұрқ-сарқ қайнап жатыр. Енді сол ашу бір күні төгіледі. Соңы жаман болады. Соның алдын алғысы келетіндер болса шұғыл комиссия құрып ауылдық жерлердегі халықтың жайылымдарын жұртқа жедел қайтарыңдар. Бұл мәселе келер көктемде тағы көтеріледі. Бірақ кеш болады.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер