Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин жалпықалалық күзгі ағаш отырғызу бағытында ұйымдастырылған «Өз ағашыңды отырғызып, қаламыздың көгалдануына үлесіңді қос!» акциясына қатысып, жеміс ағаштарын отырғызды деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Шараға Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров, облыстық басқармалардың мамандары мен қала тұрғындары қатысты.
"Мемлекет басшысының еліміздегі орман алқаптарын үлкейту тапсырмасына орай, облысымыздың аумағын жасыл желектендіру бойынша көптеген жұмыстар атқарылуда. Естеріңізде болса, биылдың өзінде барлық аудандардың орман шаруашылықтарына жаңа техникалар мен қажетті құрал-жабдықтар сатып алынды. Қаламыздың көркін ашатын гүлдерді егу, ағаш-талдарды отырғызып, күтіп-баптау, өсіру әрбір тұрғынның міндеті. Өз ауласын көгалдандырып, жасыл желекпен көмкеру - бұл мәдениеттіліктің белгісі", - деді О.Оразалин.
Облыс әкімі содан кейін Тұңғыш Президент атындағы саябақта орман шаруашылықтары және аудан кәсіпкерлерінің қатысуымен ұйымдастырылған көп жылдық гүлдер мен көшеттер жәрмеңкесіне қатысып, шаруа қожалықтарының жай-күйімен танысты.
Шара соңында Оңдасын Оразалин жалпықалалық күзгі ағаш отырғызу акциясының маңызына тоқталып, осы шараны жылына екі рет жүйелі түрде өткізіп тұруды айтып өтіп, қала әкіміне бірқатар тапсырмалар берді.
"Адырна" ұлттық порталы.