18 жылға сотталып, 15 жылдан кейін бостандыққа шыққан диссидент Арон Атабек өзінің денсаулығы туралы айтты. Бұл туралы “Адырна” ұлттық порталы Азаттыққа сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Ақын, диссиденттің айтуынша оны түрмеден полиция қызметкерлері алдап алып шыққан.
– Бостандыққа қалай шықтым? Бұл мистика сияқты басталып, менттердің мені жымысқы алдауымен аяқталды, – деді ол.
Арон Атабек Павлодар түрмесінде жалғыз кісілік камерада отырып, құлап қалған сәті туралы да айтып берді.
– 21 қыркүйек кешке жатар алдында күтпеген жерден құладым. Еңкейіп едім, басым айналып, құлап қалдым. Бұл бірінші құлауым емес, оған дейін де бес-алты рет құлағам. Бірақ ол кезде басымды жармап едім, бұл жолы байқамай қалып, басымды жарып алдым. Қан ақты. Жерде жатырмын, тұра алмаймын. Кезекші келіп, Арон тұр дейді. Түрме қызметкерлері мені көріп тұр. Менттерде монитор бар. Бірақ келген жоқ. Жарты сағаттан соң түрме қызметкері мен дәрігер келді. Олар мені көтеріп, отырғызды. Дәрігер қарап, «басың жарылып, қан көп ағыпты, қазір тігеміз, егер тікпесек миың сыртқа шығып кетеді, сондықтан ауруханаға бару керек» деді. Мен ауруханаға жатуға түбегейлі қарсымын. Себебі онда мені өлтіріп тастауы мүмкін. Бірақ бұл жолы басым жарылған соң баруға тура келді, – деді Арон Атабек.
Сөз соңында өзін «қазақ самурайымын» деп атаған Арон Атабек денсаулығы қалыпқа келгеннен кейін оппозициялық саясатты жалғастыратынын айтты.
– Бірте-бірте жақсарып келе жатырмын. Жапон самурайларында «Самурай парызы – соңына дейін адал шайқасу» деген сөз бар. Мен де қазақ самурайымын. Соңына дейін күресу – парызым. Денсаулығымды түзеп алған соң оппозициялық саясатты жалғастырамын, – деді ол.
”Адырна” ұлттық порталы