Британдық БАҚ: Өзбекстан Қазақстанды басып озып, қуатты елге айналады

6563
Adyrna.kz Telegram

Билікке Шавкат Мирзияев келгелі бері болып жатқан өзгерістер арқасында Өзбекстанның экономикасы ерекше қарқынмен дамып барады, соның арқасында ол он жылда Орталық Азиядағы көшбасшы – Қазақстанды басып озып, аймақтағы ең қуатты елге айналуы ықтимал. Британдық Financial Times басылымы осындай болжам жасайды деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "azattyq.org"-ке сілтеме жасап.

Газеттің жазуынша, бес жыл бұрын ғана Өзбекстан инвестиция қабылдауға дәрменсіз еді. Қазір ол "экономикалық өсімімен күллі әлем инвесторларын өзіне қаратып отыр". Автордың жазуынша, "елдің қаржысын құпия ұстаған" авторитар президент Ислам Каримов 2016 жылы көз жұмған соң билікке келген Мирзияев валютаны либералдандырып, "жаңа реформаға жол ашқан".

Өзбекстан Дүниежүзілік банктің бизнес жүргізу жеңілдігі рейтингінде 2015 жылы 141-орында болса, былтыр 69-орынға көтерілген. Осы аралықта мемлекет салықты азайтып, бюджет мәліметтерін жариялауға көшті, көршілермен сауданы жандандырды, ипотека несиесін бере бастады.

Еуропа қайта құру және даму банкі бұл елге жалпы 2,6 млрд еуро инвестиция құйған, соның жартысынан астамы – қазір жүріп жатқан жобалар.

2015 жылдан бері тікелей инвестиция көлемі үш есе ұлғайып, 1,7 млрд долларға жеткен, оның көбі жасыл экономикаға салынып жатыр. Ел астанасы – Ташкентте элиталық үй-жай, қымбат көлік көбейген, арасында электр көліктері де бар. Дегенмен шешілмеген мәселе де көп дейді автор. Соның бірі – халықтың кедейлігі. Елдегі орташа айлық жалақы – 160 доллар.

"Кейбір халықаралық болжамдарға қарағанда, халық санының өсуі мен экономиканы әртараптандыру арқасында Өзбекстан Қазақстанды басып озып, он жыл ішінде Орталық Азиядағы ең ірі экономикаға айналуы мүмкін. Өзбекстан постсоветтік елдердің көбін біріктіретін Тәуелсіз мемлекеттер достастығында Ресейден кейінгі екінші орынды алуға ұмтылады" — деп жазады Financial Times.

 

"Адырна" ұлттық порталы.

Пікірлер