Қазақстан қорғанысы: бейімделу мен заманауилық

2847
Adyrna.kz Telegram

Қорғаныс саласы - әр түрлі сын мен туындаған мәселелерге бейімделу қасиетіне ие болуы маңызды. Қорғаныс саласы – халықаралық қақтығыстар мен заманауи қару нарығын зерттеп, зердедеп отыруы шарт.

«Қорғаныс және қарулы күштер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, Қорғаныс министрлігі әскери-техникалық саясат саласындағы уәкілетті орган болып табылады. Бұл қорғаныс ведомствосына Қарулы Күштер үшін ғана емес, сонымен қатар Ұлттық Гвардия, ҰҚК Шекара қызметі, Арнайы құрамы бар басқа да әскери құралымдар үшін қандай қару-жарақ пен әскери техниканың болуы керек екенін анықтауға құқылы екенін білдіреді. Бұл көп қырлы ұжымдық жұмыс және ол әр түрлі әскери құралымдардың қаруы мен техникасының бірігуі мен үйлесімділігін қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асады. Қандай әскери техника қажет екенін түсіну үшін ықтимал қауіптер мен тәуекелдердің сипатын зерттейді, қадағалап отырады. Әскери мамандар аймақтағы қазіргі саяси және әскери жағдайды үнемі талдайды, елдің аумақтық тұтастығы мен тәуелсіздігіне ықтимал қауіптерді анықтайды, әлемде болып жатқан соғыстар мен ықтимал қарулы қақтығыстардың сипаты мен ерекшеліктерін зерттейді. Бұл зерттеулер мен ерекшеліктер заманауи қуатты әскер қалыптастыруға, қорғаныс саласына қару сатып алуға негіз болады. Мысалы Қарабақ соғысынан кейін соққы жасаушы дрондардың артықшылықтары көріне бастады, ал керісінше дрондардан қорғана алмаған әскери техника түрлеріне деген сенімсіздік артты. Міне, осындай түрлі жағдайлар мен қақтығыстарды қарап отыру аса маңызды.

Мысалы Африка, Таяу Шығыс, Кавказ бен Ауғанстандағы соңғы әскери қақтығыстар барлау және электронды соғыс, ұшқышсыз әуе жүйелері мен әуе қорғанысы жүйелері, робототехниканың маңыздылығын арттырды. Сонымен қатар түрлі мемлекеттердің, соның ішінде Қазақстанның қарулы күштері табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жоюға, пандемия кезінде халыққа көмек көрсетуге қатысады. Бұл қосарланған компоненттерді, яғни, соғыс уақытында ғана емес, бейбіт уақытта да қолдануға болатын қондырғылар мен жабдықтарды әзірлеу қажеттілігін көрсетеді. Әсіресе соңғы жылдары бұл қауіпті де ескере отырып жұмыс істеудің маңызды екені айқындалды.

Оларға инженерлік, медициналық, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс қондырғылары кіреді. Әрине оқиғалардың дамуының барлық ықтимал сценарийлерін есептеп, оларды құзырлы мемлекеттік органдармен талқылап, ел басшылығына Қарулы Күштерді ұзақ мерзімді перспективада дамыту мен қайта қаруландыру бойынша ұсыныстар енгізіліп отырады. Олар бекітілгеннен кейін бөлінген бюджет қаражатын ескере отырып, осы ұсыныстарды іске асыратын ведомстволық жоспарлар әзірленеді. Бұл барлық елдің қорғаныс саласында болатын қалыпты құжаттық негіздер.

Соңғы жылдары Қарулы Күштерге көпфункционалды Су-30СМ ұшақтары, Ми-35М шабуылдық тікұшақтары, барлаудың әр түрлі типтері мен «Арлан» бронды машиналары, «Нұр» мен «Роза» қазіргі заманғы үш координатты радиолокациялық станциялар алынды. Бұл әскерлердің жауынгерлік мүмкіндіктерін едәуір арттыруға мүмкіндік берді. Оның үстіне қазіргі заман талабына сай қаруларды алу жалғасын таба бермек.  Жоғарыда айтқанымыздай қарулы күштер соққы жасаушы дрондарды алуды арттырмақ. Ұшқышсыз дрондарға қызығушылық тудырған Таулы Қарабақ қақтығысынан әлдеқайда ертерек бұл негізде қадамдар жасалып та үлгерген еді. 2016 жылы армия үшін Wing Loong барлаушы және соққы беруші аппаратын сатып алды, 2017 жылы Қарулы Күштерде ҰШҚ дайындайтын орталық құрылды. 2017 жылы Қазақстан аймақтық деңгейде дрондарды үйрену және тәжірибе алмасу мақсатын көздейтін жарыстарды ұсынды. Халықаралық армия ойындары аясында ұшқышсыз ұшу аппараттарының операторлары дайындалып, кәсіби деңгейге жетті.

Бірнеше зымыран жүйелері, артиллериялық атысты басқаратын машиналар, барлау кешендері, «Барыс» брондалған доңғалақты машиналары, әуе шабуылына қарсы қару және басқалары да игеріліп, сатып алынуда. Ғылыми потенциалды дамыту және өндірістің жаңа түрлерін игеру мақсатында Қорғаныс министрлігі әскер ұзақ мерзімді перспективада қызығушылық танытатын әскери өнімнің 110 түрінің тізімін жасап, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне тапсырды. Сонымен қатар әскери-өнеркәсіптік кәсіпорындардың өкілдерін жинап, оларға сол міндеттерді шешу жағы да қойылған.

Пандемия және әскер

Қазақстан әскері кез келген жағдайға жылдам бейімделіп, жаңа қауіпті еңсеруге барын салады. Пандемия жағдайында Қорғаныс министрлігі мемлекеттік қорғаныс тапсырысының құрамын тез арада өзгертіп үлгерді. Біріншіден, бұл әскери медицинаға қатысты еді. 2020 жылы медициналық бөлімшелердің мүмкіндіктерін арттыру үшін ағымдағы жылы әскерге кіруге тиіс екі жылжымалы ПТР зертханасы мен модульдік далалық инфекциялық аурухана сатып алынды. Денсаулық сақтау министрлігі осындай қызметтерді ұсынуда қиындықтар туындаған шалғайдағы гарнизондарда әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін диагностикалауға мүмкіндік беретін тағы екі жылжымалы ПТР зертханасы қосымша алуды жөн деп тапты. Әскер карантиндік шектеулерді сақтауда, коронавирустық инфекцияны анықтауда үлкен көмек көрсетті. Вирус жұғу қаупі артқын сәтте, әскери медицина қызметкерлері мыңдаған адамның өмірі үшін жан аямай күресті.

Қазақстан қорғаныс саласы осындай көпқырлы және өзгермелі үдерістерді бастан кешіріп, бейімделгіш қасиеті дамыған мықты құрылым. 

"Адырна" ұлттық порталы

 

 

 

Пікірлер