Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы орын алған жарылыс зардаптарын жою, келтірілген шығындарды анықтау, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында айтты.
- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес біз жедел штаб құрдық. Оған барлық тиісті органдардың өкілдері енді. ҚР Қорғаныс және Төтенше жағдай министірі, Ішкі істер министрінің орынбасарымен бірге тәулік бойы оқиға орнында жұмыс жасап жатырмыз. Зардаптарды жою, келген шығындарды анықтау бойынша шаралар атқарылуда. Жарылыс болған жерге жақын орналасқан 3 елдімекен бар. Оның ең жақыны 1 шақырым жерде орналасқан Қайнар ауылы. Қалған екеуі 5 шақырым қашықтықта. Осы елді мекендегі азаматтардың барлығы басқа жерлерге, яғни біз дайындаған 10 мектеп, 5 колледждің жатақханаларына орналастырылды. Қазіргі таңда 227 адам сонда қалып отыр десек, басым бөлігі өздерінің ағайын-туыстарына кетті. Болған жағдайларды қалпына келтіру үшін 1000-нан астам адам, 120-ға жуық техника тартылды,-деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ, 30-дан аса жедел жәрдем көлігі жұмылдырылған. Барлығы 88 адамға медициналық көмек көрсетілсе, жеңіл жарақат алған 60 адам үйлеріне қайтарылды. Қазіргі таңда №1 Тараз қалалық ауруханасында 28 адам ем алуда. Олардың 6-ның жағдайы орташа ауыр. Өмірлеріне ешқандай қауіп жоқ.
- Бүгін таңертең науқастарменен кездестік, жағдайларын сұрадық. Дәрі-дәрмек жөнінде ешқандай мәселе жоқ. Жағдайлары тұрақты. Эвокуацияланған тұрғындармен де кездестік. Олар керек-жарақпен, ыстық тамақпен қамтылуда. Қазір жарылыс тоқтады. Тұрғындар үйлеріне орала алады,-деді Б. Сапарбаев.
Аймақ басшысы кеше теміржол қозғалысы тоқтағандығын, Тараз қаласында қалған екі жолаушылар пойызының жолаушылары үшін 20 шақты автокөлік ұйымдастырылып, тиісті бағыттары бойынша жөнелтілгенін жеткізді.
- Қазір сапёрлар жұмыс істеп жатыр. Теміржолдың барлығы тазартылған соң, қайта тексеріліп, шешім қабылданатын болады. Ал жалпы көліктерге байланысты қазір айналма жол ұйымдастырылған. Жалпы жағдай тұрақты, бақылауда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, барлық зардап шеккен азаматтарға көмек көрсетіледі. Заңға сәйкес қайтыс болған азаматтардың отбасыларына мемлекеттен көмек беріледі. Зардап шеккен азаматтардың арасында мүмкіндігі шектеулі т.б азаматтар болса, заңға сәйкес көмек көрсетіледі. Зардап шеккен үйлер мен нысандарға келетін болсақ, мамандар 3 елдімекенді аралап шықты. Онда өртенген үйлер, басқа да нысандар тіркелмеген. Тек қана шатырлар, терезелер, есіктер ғана зақымданған. Біз арнайы комиссия құрдық. Қазір олар зерделеу жұмыстарын жүргізуде. Барлық үйді, нысанды зерделейміз. Заңға сәйкес шешім қабылдайтын боламыз,-деді облыс әкімі.
«Адырна» ұлттық порталы