Жапония мен Оңтүстік Кореяның банктері Иранның 500 миллион долларын бұғаттап тастады. Иранның аталған 500 миллион доллары Ресейден алған қарызы болып шықты. Бұл қаражатқа Ресей Иранда «Бушер-2» АЭС-нің құрылыс жұмыстарын жүргізген болатын.
Қазір Иран Ресей алдындағы қарызын төлей алмай отыр. Бұл жайында Иранның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі Леван Жагарян мәлімдеме жасады. Иранның Жапония мен Оңтүстік Кореядағы мемлекеттік активтерінің бұғатталуына АҚШ-тың экономикалық санкциялары себеп болған. Қазір санкцияның соққысынан Тегеран ешқандай шараларға бара алмай отыр. Иран ислам мемлекеті 1970 жылдан бастап АҚШ-тың санкциясында отыр. 2000 жылдан бастап санкцияның күші тіпті артты.
Ресей мен Иран 1995 жылы «Бушер-2» АЭС-ні салу бойынша келісім шарт жасасқан болатын. Келісім шарт аясында ресейлік мердігер компания «ЗарубежАтомЭнергоСтрой» Иранда АЭС-тің құрылыс жұмыстарына кірісіп, бірінші блогын аяқтаған. АҚШ-тың қатаң санкциясының салдарынан Ирандағы «Бушер-2» АЭС-нің жұмысына зиын келіп, тоқтап қалған. Қазір Ресей тарапы Ирандағы «Бушер-2» АЭС-нің жұмысын жандандыру мақсатында рекаторларға ядролық жанар-жағар май өнімдерін жеткізіп беруде.
Ал, экономикалық сарапшылар Ресейдің Ирандағы АЭС-тің құрылыс жұмыстарына жұмсаған 500 миллион доллары кері қайтпайды деп жорамалдауда. Ресейлік билік өкілдері Иранның 500 миллион доллар қарызын кешіріп жіберуге де дайын екенін айтты.
Бекболат ҚАРЖАН,
«Адырна» ұлттық порталы