Журналист: Өзбек билігі оқ жаудырып, мыңдаған мәйіт алаңда жатты

12331
Adyrna.kz Telegram

Ресейлік журналист және жазушы Михаил Зыгарь Дмитрий Гордонға берген сұхбатында 2005 жылы наразылық білдірушілерді жаппай атып тастағаннан кейінгі күні Өзбекстандағы Әндіжан қаласында көргендерін айтты. 

Зыгарь және 2000 жылдардың басындағы көптеген ірі қақтығыстарды өз көзімен көріп, соғыс тілшісі болып жұмыс істеді. Бұрынғы "Дождь" телеарнасының бас редакторы Әндіжан оқиғасы оған ең қатты әсер еткенін мойындады.

"Әндіжандағы атыс - мен көрген ең қорқынышты оқиға. Адамдардың қалай өлгенін көру, оқтың қалай тигенін сезу қорқынышты. Мен қаладағы аз журналистің бірі болдым. 2005 жылдың 13 мамырында болған көтеріліс кезінде қалада жұмыс істейтін журналистердің барлығы дерлік қала сыртына шығарылды.  Ұзақ жылдық тиранияның әсері, жергілікті шенеуніктер кез келген кәсіпкерді ұстап алып, ұзақ уақытқа түрмеге қамай берудің әсерінен 2005 жылға қарай қалада жұмысқа қабілетті ер адамдардың барлығы дерлік түрмеде отырды. Қырғызстанда болған түрлі -түсті революциялардың әсерінен, шекаралас Әндіжанда да көтеріліс бұрқ ете қалды", - дейді ол.

Оның айтуынша көтерілісшілер қаладағы түрмені басып алып, бір күн бойы ұстап тұрған.

"Олар сосын қаладан барлық журналистерді шығарды да, ішкі әскерді кіргізді. Әскер алаңдағы халыққа кім екеніне қарамастан оқ жаудырды. Мен халықты атып жатқанда болмадым, келесі күні таңертең қалаға кірудің амалын таптым, ол сәтте әлі алаңнан мәйіттерді әкете қоймаған еді. Менің санағым бойынша алаңда 1,5 мың адамның мәйіті жатты. Бұл тек қана менің есебім емес, сонымен қатар қалада болған құқық қорғаушылар да солай дейді", - дейді Зыгарь.

Ол өзінің есінен ешқашан кетпейтін бір жайтты айтты.

"Менің есімді қалып, көз алдыма үнемі келетін бір көрініс бар. Қалада күні бойы жаңбыр жауған еді, халықты ату сәті де нөсермен тұспа-тұс келді.  Адамдар атқан сәтте, жан-жаққа қаша бастаған. Бұл қала оңтүстіктің ең ыстық қаласының бірі, қала халқы жеңіл аяқ киіммен жүреді. Жауын жауып, атыс басталғанда халық бытырап қашып, аяқ киімдері шашылып қалған. Қалада өте көп жеңіл аяқ киім жауын суымен жан-жақта жатты. Олардың арасында балалардың аяқ киімдері өте көп еді. Мен балалардың мәйіттерін көрмедім, оларды бірінші жинағаны анық, бірақ аяқ киімдері шашылып жатты. Бұл өте ауыр және есімнен кетпейтін көрініс", -дейді ол.

Ресми дерек бойынша Әндіжан оқиғасында 187 адам қаза тапқан, алайда бейресми олардың саны 2 мыңға жуық. 

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер