Татулықтың бесігі

9557
Adyrna.kz Telegram

Бүгінгі күні Ақтөбе облысында 90-нан астам ұлт өкілі тұрады. Сондай-ақ өңірде 18 этномәдени бірлестік жұмыс жасайды. Қазіргі таңда аталған ұлттық-мәдени бірлестіктер қоғамдағы  мәселелерге үн қатып, өңірде бейбітшілік пен татулықтың орнауына сүбелі үлес қосып келеді. Біз осы орайда өңірде алғаш құрылған бірнеше бірлестік өкілдерімен тілдескен едік.

Ақтөбеде 500-ге жуық эврей тұрады

1996 жылы құрылған «Шалом» бірлестігі — осы өңірде құрылған алғашқы бірлестіктердің бірі. Бұл бірлестіктің құрылуына атсалысқан бүгінде ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген азамат Юрман Яков. Одан кейін бірлестікті Марк Иоффе мен Семен Резник басқарды.

Орталық құрылғаннан кейін біртіндеп жексенбілік мектеп пайда болды, ұйым қала мен облыстың барлық іс -шараларына қатыса бастады. Сондай-ақ қайырымдылық қоры, өнер студиясы, би тобы ашылды. Осы күнге дейін бірлестік жанында Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының актрисасы, орталық төрағасы Полина Савицкая басқаратын «Мисхак» (бұл «ойын», «көңілді» дегенді білдіреді) еврей театры бар. Бұл театр фестивальдерде жүлделі орындарды иеленіп жүр.

— Тарихқа көз жүгіртсек, бұл өңірге еврейлер отбасы сонау ХІХ ғасырда көшіп келген. Ақтөбе жері барлық әлемдегі ел сияқты еврей ұлтына ортақ үй болды. Міне, бүгінге дейін еврейлер осы өңірде өзге ұлт өкілдерімен тату-тәтті тұрып жатыр. Мен бұл ұйымды 2010 жылдан бері басқарып келемін. Біздің бірлестік өкілдері әрдайым облыстағы қоғамдық жұмыстарға  белсене атсалысады. Бүгінгі күні Ақтөбе облысында 500-ге жуық еврей тұрады. Олардың дені сонау өткен ғасырда Қазақстанды индустрияландыру уақытында қоныс аударған. Жаңадан салынған зауыттарға да негізінен еврей ұлтынан шыққан инженерлер келген. Әсіресе, Ақтөбенің Тұрғындар қалашығы ауданындағы екі іргелі зауытта көп еврей жұмыс жасаған. Сондай-ақ, арнайы бөлу тәртібі бойынша Ақтөбеге табан тіреген еврей дәрігерлер де бар. Жалпы бірлестікке келсек, бұл орталық өз уақытында Ақтөбедегі еврей ұлты өкілдерінің өмірін түбегейлі өзгертті десе де болады. Себебі еврей отбасыларының басын қосатын көптеген мәдени шаралардың арқасында еврей ұлты өзінің тарихын, мәдениетін терең біле бастады.  Бүгінде өзге ұлт өкілдері сияқты біз де осынау елдегі бейбітшілік пен татулықтың арқасында алаңсыз өмір сүріп жатырмыз, — дейді бірлестік төрағасы.

Оның айтуынша, еврей халқы — көңілді, ән мен әзіл-сықақты ұнататын, әрдайым елдегі тұрақтылықты жақтайтын ұлт. Сол себепті де бірлестік өкілдері әрдайым өңірде ұйымдастырылатын мәдени-көпшілік шараларға атсалысып, өз өнерлерін паш етуге дайын.

— Биыл Қазақстанның тәуелсіз ел атанғанына 30 жыл толып отыр. Осыған байланысты біз өзге ұлт өкілдері сияқты әр түрлі іс-шараларға қатысып, өз үлесімізді қосып жатырмыз. Жалпы Қазақстан халқы Ассамблеясы — ел тәуелсіздігінің ұлы құндылықтарының бірі. Бұл екі ұғым қашан да осы елді мекен еткен барша ұлт пен ұлыстарға қымбат та бағалы деп ойлаймын. Менің  туып-өскен жерім, Отаным — Қазақстан болғандықтан, мен бұл елді ерекше сүйемін, — дейді П.Савицкая.

 

30 жылдың жемісі

Облыстық «Возрождение» неміс ұлттық-мәдени орталығы 1992 жылы құрылды. Бұл – облыстағы ең алғашқы құрылған орталықтардың бірі. Ол кезде неміс ұлтының өкілдері өңірде көп болды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін көпшілігі Германияға, Ресейге қоныс аударды. Бүгінгі күні облысымызда 5500 неміс тұрады. Алдағы жылы бұл бірлестік 30 жылдығын тойлайды.

Бүгінгі күні өңірдегі неміс ұлты өкілдерінің басын біріктіріп, мереке күндері түрлі шаралар ұйымдастыру мақсатында құрылған орталық құрамында жүздеген мүше бар. Бірлестік жанынан ересектерге және балаларға неміс тілі курстары өткізіледі (8 топ). Ал облыстың аудандарында орталыққа қарасты барлық жастағы тұрғындарға арналған  үйірмелер мен клубтар жұмыс істейді. Мысалы, Қарғалы ауданының орталығы Бадамша ауылында тарихи шеберхана, ал Мәртөк ауданында шығармашылық және аспаздық үйірмелер бар. Облыс орталығында балалар жексенбілік мектепте неміс тілін, неміс ұлтының мәдениетін, әдет -ғұрпын, фольклорын үйренеді.

Бүгінде бірлестік жанында  осыдан 20 жыл бұрын ашылған «Файльхен» неміс халықтық хоры жұмыс істейді. Хор репертуарында неміс, қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі әндер бар. Ал неміс жастар клубының мүшелері неміс тілін үйренеді, спортпен айналысады, қалалық іс -шараларға қатысады, жарнамалық акцияларды өткізеді және театр студиясына барады. Театр студиясы биыл көрермендеріне 2 спектакль ұсынды.

Сондай-ақ биылғы жылы «Файльхен» неміс халықтық хоры мен «Фройде» вокалдық тобы Берлинде өткен фестивальге онлайн түрде қатысып,  «Халықтық дәстүрлерді сақтап, насихаттағаны үшін» номинациясы бойынша диплом иеленді. Қазір «Возрождение» орталығы неміс халқының депортацияланғанына 80 жыл толуына арналған еске алу шараларына дайындалып жатыр. Сондай-ақ неміс ұлтының өкілдері облыста биыл ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылатын іс-шараларға да қатысады.

 

— Осыдан 30 жыл бұрын өз тәуелсіздігін алған Қазақстан үшін жаңа тарихтың  беті ашылды. Бүгінге дейін әр түрлі салада Қазақстан жаңа биіктерге қол жеткізді. Осы тәуелсіздіктің арқасында құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының біз үшін маңызы зор. Себебі Ассамблея республикада тұратын әр түрлі ұлттардың мәдениеті мен тілдерін сақтауға, сондай -ақ ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға  зор үлес қосуда. Біз тәуелсіздік жылдарында республикамыздың түрлі этностарының мәдениетін, тілін, дәстүрлерін дамыту үшін барлық қажетті жағдайлар жасалғанын бағалаймыз, — дейді «Возрождение» неміс этномәдени бірлестігінің төрайымы Елена Шинкоренко.

 

Данагүл БАЙМҰҚАШ,

«Адырна» ұлттық порталы.

Пікірлер