ҚХА 25 жыл ішінде әлемдік аренада Қазақстанның жақсы аты шарықтауына, белді қауымдастықтардың оң бағалауына ықпал еткен іргелі институтқа айналды.
Ұлттық мүдделерді қарама-қайшылықтарсыз бір арнаға тоғыстыра білген Қоғамдық келісім көрінісі ел территориясындағы аудан, қала деңгейінде де этномәдени орталық болып жанданды.
Ассамблея қоғамдық келісім мен біртұтас ұлтқа біріктіру міндетін іске асыра отырып, жаңа қоғамның барлық сұраныстарын жауапсыз қалдырмайды.
Сондай –ақ, Елбасы екшеген міндеттерді орындайды. Ассамблея құрамында мыңдаған этномәдени орталық, аймақтарда «Қазақ тілі» қоғамдастығымен қатар, 2753 Қоғамдық келісім кеңесінің есігі азаматтарға айқара ашық. Ассамблея құрамындағы 1801 Аналар кеңесі де нәзік жандылар тарапынан туындаған күрмеулі мәселелердің түйінін тарқатуға септесіп отыр. Ассамблея қызметінің лайықты деңгейде жүзеге асуына ұзын саны 400 мың ел тұрғыны қолғабыс жасап отыр.
Татулық институты еңсеретін келесі спектр – қайырымдылық. 2015 жылы бекіген Қазақстанның «Қайырымдылық туралы» заңының негізінде елдің тұрақтылығын тұғырлы етуге, қайырымдылық қызметін дамытуда ҚХА әлеуметтік функция атқаруы мен жәрдемдесуі белгіленген.
Былтырғы статисткаға сүйенсек, Ассамблея 667 мың адамға 4 миллиард теңгеден асып жығылатын көмек көрсеткен. ҚХА дамудың революциялық емес, эволюциялық бағытын ту еткен. Осы бағытта әлеуметтік – тұрмыстық қақтығыстарды болдырмау мақсатында медиация қызметін де ұсынады.
Этносаралық татулықты тереңдетіп, мейірім мерейін тасыту мақсатында Елбасы бастамасымен 2016 жылы 1 наурыз Алғыс айту күні болып бекіді. Бұл мереке өткен ғасырдың 30-40 жылдары Қазақстанға көш түзеген ұлыстарға айқара құшақ ашқан жергілікті ұлтқа алғыс айтудың, бірліктің символикалық бейнесі.
Қазақстан ішкі тұрақтылықты болаттай бекемдеумен бірге жер шарындағы түсінбестік пен қақтығыстардың оң шешілуіне ықпал ететін елге айналса, Нұр-Сұлтан қаласы татулық алаңына баланды.
Араағайындық пен әлемдік бейбітшіліктің бесігінің шайқалмауын шын қалап нақты әрекет ететін еліміз тұрақтылықтың қазақстандық моделін шартарапқа мойындатты. Біздің тілегіміз Қазақстан бағзыдан жеткен «Береке басы - бірлекте» ұранын ұмытпайтын ұлт ретінде тарихта таңбалансын!
Інжу ӨМІРЗАҚ,
”Адырна” ұлттық порталы