Есімді білгелі Рысты апаның нан сатумен айналысатынын көріп келемін. Кішкентайымда үй арасы жақын болған соң ойын балаларымен бәріміз барып, ыстық күлшелеріне таласушы едік. Рысты апа қолымызды құр қайтармайтын. Соған әдеттеніп алған біздер де сол үйдің айналасын торуылдап кетпеуші едік. Сол уақыттан бері талай жылдар өтті. Кішкентай қызығушылықтан басталған Рысты апаның аядай ермегі, еңбегіне айналғанына тура 15 жыл толды. Қазақтың аналары қандай батыр десеңші.
Үйдің қауырт тірліктері, бала тәрбиесіне қарамастан үйдің берексін, нан сатып мерекесін келтіріп отыр. Иә, расымен «нан бар жерде – ән бар» деп бекер айтылмаса керек. Рысты апаның отбасында шуақты күндері думанды үндері, қуаныштары жиі болып тұрады. Осы күндердің бірінде Рысты ападан нан алуға барып, жақынырақ сыр тартып көрген едім. "Адырна" ұлттық порталының кезекті сұхбаты нан сатушы Рысты ханыммен болды.
- Рысты апа, кішкентайымыздан санамызда «Рысты ысты, ыстық наны пісті» деген жолдарды әндетіп жүруші едік. Ауылымзда әуелі қарапайымдылғыңызбен, кейін наубайханаңыбен танымалсыз. Бұл кәсіпті бастауға не түрткі болды?
- Әуелі үкіметтің жұмысында болмаған соң бастадым. Алғашқыда күнделікті тамаққа жететін ақша болса жеткілікті дейтінмін. Қазір жұмысым ілгерлеп, наубайханам болады деп кім ойлаған?
- Сіздің тәтті күлшелі нандарыңызды жеп өстік. Иісі мұрын жарушы еді. Қазір нанның ыстық иісі одан әрі барлық ауылды шарлап кетеді. Күніне қанша нан пісіресіз?
- Күніне нанды 40-50-ден пісіремін. Кейде бір күнде екі есе жұмыстанып та жүретін кездер болады. Барлығы тапсырысқа байланысты.
- Наныңыз бөлке секілді сондай тәтті. Бұрын анамнан «Рысты апаның наны неге сондай үлпілдек аппақ?»-, деп сұрағаным бар еді. Анам: «Кез келген тамақты аппақ ниетпен пісірсең, солай аппақ боп шығады деуші еді». Қазір өсе келе нанды жоғары сұрыптағы ұнмен пісіретініңізді түсіндік қой. Айтыңызшы, азық-түлік бағасы құбылған уақыттарда нан бағасын көтересіз бе? Және тәтті нандарыңыздың біз білмейтін құпия қоспасы бар ма?
- Нан бағасына 10 тг қосамын. Халыққа қолжетімді болу үшін нан бағасын қарыштатуды жөн көрмеймін. Тұрақты 170тг-ден сатамын. Осылайша күніне 10 000тг табыс түседі. Ауылдық жер болғандықтан барлық қоспалар- нағыз таза, табиғи өнім. Сүт, майдың суы, айран қосқан кезде нан өте дәмді шығады. Әрі ашытқыны қойған кезде көңіл күйің, ішкі сезіміңнің көтеріңкі болуы өте маңызды.
- Жұмысыңыздан шаршайтын кездер бола ма? Кейінгі ұрпаққа қандай кеңес айтасыз?
- Жұмысымнан шаршаған кезім болған емес. Нанның иісі менің ішімді ғана емес, көңілімді де тойдырып келеді. Еңбек етуге қолайлы жер, аяулы мекен іздеп, шарқ ұрудың қажеті жоқ. Бастысы таза ниет пен шынай ынта болғаны жөн. Қазіргі жастар мұндай кәсіпті онша құп көре бермейді. Алайда «теңге-тиыннан құралады» деген сөз бар.
Күн сайынғы табысты жинап, кәсібіңді одан әрі жандандыруға әбден болады. Оның айқын дәлелі мына өзім емес пе?
Алғаш нан пісірген уақыттарда қыс мезгілінде нандарды пісіріп, дорбаға салып, үй-үйлерді аралап өзім апарушы едім. Осылайша балаларымызды ала дорбаның көмегімен асырадық.
Міне, барлығы бірден орындалып кетпейді. Әйткенмен талмай қызмет қылсаң, таудай жемісін көресің.
- Әсерлі әңгіме болды, Рысты апа! Үйдің ырыс-несібесін кіргізетін нанды сатып, ақ адал еңбегіңіздің жемісін көріп отырсыз. Бұл ісіңіз көпке үлгі. Ісіңіз ілгерілей берсін! Сау болыңыз!
Рысты апа жастық шағымды тағы еске түсіріп, ыстық күлше нанды қолыма ұстатты. Мен де наубайханадан аяңдай шығып, жалғыз аяқ жолға түсіп үйге жол тарттым.
Інжу ӨМІРЗАҚ,
"Адырна" ұлттық порталы