Азат Перуашев: Әр секірушіге 700 мың доллардан келеді

3567
Adyrna.kz Telegram

«Ақ жол» партиясының басшысы Азат Перуашев олимпиада ойындарының алғашқы күндерінде тікелей эфирдің болмау себептері мен жалпы спортты дамытуға қатысты өз пікірін білдірді.

«Бүгін Олимпиаданың алғашқы күндерінде тікелей эфирдің болмауының себептері туралы ақпарат министрлігінен жауап алдық.
Саудаласудың кесірінен ұлтымыз алғашқы көрсетілімдерді көру мүмкіндігінен айырылды. Нәтижесінде, бюджеттің 9 млн доллар қаржысы үнемделді.
Қазіргі экономикалық жағдайды ескеретін болсақ, бұл өте мақтауға тұрарлық әрекет. Алайда мен өз пікірімнен таймаймын, шенеуніктер осы жағдайға байланысты уақытында табандылық танытқанда, бұл сұрақты алдын ала шешуге болар еді.
Сонымен қатар, үнемделген қаражат «спортты насихаттауға» кеткен шығындардың тиімсіздігімен салыстыруға келмейді. Бір мысал: «Ақ жол» фракциясы 13.04.2017 ж. депутаттық сауалында Мәдениет және спорт министрлігінен Бурабайда шаңғы трамплині құрылысының шығындарын түсіндіруді сұрады, олар сол кездегі бағам бойынша 38,5 млрд теңгені немесе 120 млн долларды құраған еді.
Сонымен бірге, спорттың бұл түрімен бүкіл ел бойынша барлығы 173 спортшы ғана айналысатыны белгілі болды. Оның үстіне, Бурабайда (трамплин салынған жерде) емес, ШҚО мен Алматыда.

Жалпы, спорттың маңыздылығына қарамастан, 173 трамплиннен өте жақсы секірушілер үшін мемлекет 120 млн $ (әрқайсысына шамамен 700 мың $) аямады, ал 19 миллион қазақстандық үшін дәл сол мемлекет артық 9 млн $ (бір адамға шамамен 0,5 доллар) төлеуді ысырапшылдық деп санады. Және бұл - көп мысалдың бірі ғана.
Үлкенді-кішілі мұндай мысалдар өте көп, оның ішінде көптеген отбасылар үшін қол жетімді емес үлкен кешендер, шетелдік легионерлерге беретін асқақтаған ақылар немесе Түркістандағы су астында қалған жаңа стадион.
Олардың қасында шын мәнінде ұлт денсаулығы үшін негізі бұқаралық, ең алдымен, балалар мен жасөспірімдер спорты, оның проблемалары мен қажеттіліктері шенеуніктердің өгей баласы секілді болып қала береді.

Сабақтан тыс уақытта спорт секцияларын жүргізетін дене шынықтыру мұғалімдеріне үстемақы, мыңдаған жасөспірімдер тұратын ауылдар мен қала маңында спорт үшін қолжетімді жағдайлар жасау, спорт бюджеттерін кәсіби спорттан БЖСМ - ге қайта бөлу және т.б. сияқты бұл мәселелерді «Ақ жол» демократиялық партиясының депутаттары жылдар бойы көтеріп келеді.

Бірақ, әзірге барлық әкімшілік функциялар атқарушы органдардардың қолында болып тұрғанда ештеңе өзгермейді. Оларды бәрі қанағаттандырады, олардың өз басымдықтары бар.
Сондықтан да қазіргі олимпиаданың нәтижелері - шынайы көрініс, заңдылық. Тіпті, осы жол шеттен алып келген келімсек чемпиондарды да шығару бұйырмады. Тығырыққа тірелдік.
Әрине, бұндай жеңіс тапшылығында Олимпиаданың қола иегері атанған Қамшыбек Қонқабаевты қоса алғанда, қазіргі олимпиадашылардың медальдары неғұрлым құнды. Олардың медальдары - қалыптасқан үрдіске қарамастан, жеңіске жетіп жатқанының жемісі екенін атап өту керек. Бұл үлкен көпжылдық еңбек және үлкен батылдық.
Оларға ризамыз және жеңістерімен құттықтаймыз! Оның үстіне Олимпиада жалғасуда, “үмітсіз шайтан” дейміз ғой» деді ол.

Бұл «Ақ жол» партиясының спортқа қатысты алғашқы ұсынысы емес. 2017 жылы партия мүшелері ел премьері болған Бақытжан Сағынтаевқа арнайы ұсыныс тастап, елдің оқу орындарында дене тәрбиесінің оқудан тыс сабақтары мен секцияларын кеңейтуді ұсынған еді. Депутаттар оқушылардың 30%-ға жетпейтін бөлігі ғана спортпен айналысатынын айтып, 80% жасөспірім балалар арасында денсаулығында ауытқулар барын жеткізіп, дабыл қаққан болатын.

2020 жылы партия депутаттары тағы да Үкіметке ұсыныс жасап, ұлттық мүддені ескеріп және жергілікті тұрғындармен ақылдаса отырып, әр ауылды халық санына сәйкес қолжетімді, пайдалануға ыңғайлы, қарапайым мәдени және спорт нысандарымен қамтамасыз етудің жаңа бағдарламасын қабылдауды сұраған болатын.

«Ақ жол» партиясы ЛРТ құрылысын сынап, қыруар қаржының пайдасыз нысанға жұмсалып, спорттық кешендерге неге жұмсалмай жатқанын да талай мәрте айтқан еді.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер