Нағыз батыр тұлға - Болат Атабаев жайлы ғажап естеліктер!

4276
Adyrna.kz Telegram
АТАБАЕВ ТУРАЛЫ АЙТҚАНДА...
Болат Атабаевтың қайтыс болғанын түсірілім алаңында естідім. Кино түсіріп жатқан жерімізде телефон байланысы болмағандықтан, кейде хабар-ошарлар бізге кештеу жетеді. Болат аға жайлы қаралы хабарды да түсірілім алаңынан жататын тұрағымызға түнделете қайтқалы жатқан кезде, Алматыдан жеткен актер Жандарбек бауырымыз естіртті.
Өлім жайлы есту қашанда ауыр, оның үстіне қайтқан адам жаныңа жақын болса, кәдімгідей есеңгіреп қаласың. Болат аға мен үшін осындай қимас жан еді.
Болат ағамен 2010 жылдан бері таныс-біліс едім. Әсіресе 2011-2013 жылдары біз жиі жолығысып, жылы пікірлесіп жүрдік. Біздің бас қосар "штаб-пәтеріміз" атақты әнші Жүсіпбек Елебековтің шаңырағы болатын. Ол кезде әншінің аяулы жары Хабиба Елебекованың тірі кезі, жасы жүзге келіп қалса да – тың шағы. Хабиба апам сол жылдары жалғыз тұрды. Жарықтық көпті көрген адам әрі ауыр тағдыр иесі – шері ішіне сыймай, үнемі қайғы баптап, құсалы көңілі қашанда дертіп отыратын.
Осындайда Хабиба апам мені шақыртып алушы еді. Кейде қолым тимей бара алмай қалғанымда жасы келген қария кісі жас балаша бұртиып, өкпелеп қалатын. Дегенмен шақырған сәттерінде бармай қалған кездерім сирек, уақыт тауып барып тұрдым. Апамның бұл ұшан теңіз, көл-көсір әңгімелері текке кеткен жоқ, осы сұхбаттардың негізінде 2012 жылы "Хабибаның Жүсіпбегі" атты бір сағаттық деректі фильм, ал 2013 жылы "Жүсіпбек Елебеков" атты көлемді кітабым жарық көрді.
... Осы күндерде Хабиба апа мен Болат аға екеуінің шай ішіп, шүйіркелесіп отырған сәтіне келе қаламын немесе әуелі мен барамын, Болат аға сәл кештеу келеді. Кейде келмей қалады. Ондайда апам: "Әлгі Болат қайда жүр, келем деп еді, – деп елегізіп, іздеп отырады.
Осылайша біз Хабиба апаның дастарқанында бас қосысып, емін-еркін әңгіме-дүкен құрып жүрдік. Осы тұста "Жүсіпбек Елебеков" кітабының жазылуына Болат ағаның мұрындық болғанын айта кеткім келеді. Бір күні Хабиба апам "келіп кет" деген соң барсам, Болат аға да сонда отыр екен. Маған дейінгі әңгімелері Жүсекең туралы кітапты кім жазады болғанға ұқсайды. Болат аға менің жазғанымды хош көріп отыр екен, Хабиба апам да келіскен сыңайлы. Екеу ара болған келісімді қысқаша айта келе Болат аға: "Кітапты сен жазасың. Апам екеуміз солай ұйғарып отырмыз", – деп тоқ етерін айтты. "Жүсіпбек Елебеков" осылай жазыла бастап еді...
Әңгіме үстінде Хабиба апам екеуі аяқ астынан дауласып қалушы еді. Кейде жайма шуақ басталып, тап-тамаша өрбіп келе жатқан әңгімені Болат аға шырық бұзғыш сотқар бала секілді бұрқ еткізіп саясатқа бұрып жібереді. Әрине, мұндайда ол "Үкімет пен партияны" аямайды. Өзі айтқандай беттерін аймандай қылады. Апам екеуі осы тұсқа келгенде бастары кегжиісіп келіспей қалады.
Бір күні Болат аға келе қалды.. Германиядан оралғанына көп бола қоймаған. Шай үстіндегі әңгімеміз Болат аға келген соң, одан әрмен қыза түскен-ді. Бір кезде Хабиба апа
– Болат-ау, сені осы бір жаққа барып келді, – дей ме?.. – деді апам Бөкеңнің жол сапарынан хабардар екенін қойған сауалының ауанынан сездіріп.
– Барып келдім,! – деді Болат аға лепті әрі жарқын үнмен .
– Қайда барып келдің?..
– Германияға! Болат ағаның даусы одан сайын көтеріңкі шықты.
– Онда не істеп жүрсің?..
– Анауыңның бетін аймандай қылып келдім. – деді Болат аға екіленіп. Онысына тағы: – Бүкіл дүниежүзіне, – деген сөзді қосып қойды.
– Құдай-ау, онда не шаруаң бар, неге тыныш жүрмейсің? Бұл жолы Хабиба апамның үні кейісті шықты.
Апамның кейісті үні Болат ағаны онан сайын тұтандырып жіберді. (Мұның бәрін жазсам әңгіме ұзап кетеді, сондықтан ықшамдап отырмын. Бірақ кейін уақыты келгенде толық жазбақшымын)
Байқаймын, Болат ағаның айтқандарын апам жүдей тыңдап отыр. Сөзін бөлмей, үнсіз тыңдаған соң, бір күрсініп алған көнекөз қария әңгімесін әріден сабақтап, сонау Сталин заманынан бермен қозғай сөйледі. Болат ағаны білмеймін, бұл әңгіме маған қатты әсер етті, кәдімгідей тағлым алдым. Тпті кейінгі өміріме сабақ болды десем, артық айтқаным емес. Көпті көрген кейуананың сөзін Болат аға да бөлмей, үнсіз тыңдады. Сөзінің аяғын: "...Солай шырағым, сондықтан саясатты қайтесің. Сен театрға керексің. Өйткені сен театр адамысың, Білімді, дарынды режиссерімізсің. Сол дарының мен біліміңді пайдаланып сахнаға жақсы дүниелер қой, сөйтіп театрды көтер. Театр көтерілсе, елдің мәдениеті көтеріледі. Мәдениеті көтерілсе халық ақ, қараны өзі-ақ айырады. Ал саясат деген лас нәрсе, ол сенің қолың емес, оған сенің мінез-құлқың да, басқаң да келмейді. Саясаттың өз адамдары бар. Ол – ождансыздардың ісі. Олар арлыға ешқашан жол бермейді Сондықтан саясаттан өзіңді аулақ ұста, алыс жүр. Бәрібір сен мына бетіңмен саясаткер бола алмайсың.. Сен таза өнер адамысың. Ал өнер мен саясат – екі әлем, екі дүние. Екеуінің жолы еш қабыспайды, сол себепті өнер адамына саясат ешқашан опа бермеген. Саясатқа барған күнде де сен бұларды жеңе алмайсың. Текке өмірің өксиді, – деді.
Үшеуміз бір уақ үнсіз қалдық. Үнсіздікті Болат аға бұзды;
– Назарбаевқа келгенде апам екеуміз ұрысып қаламыз, – деді ол сөзін әзілге жыққысы келіп. Бірақ оның бұл жолдан еш қайтпайтындығы – бір нүктеге қарап қалған ойлы көзінде айғайлап тұрды...
Мұнан соң көп ұзамай Болат аға эмиграцияға кетті. Араға екі жыл салып, Хабиба апа да дүниеден озды. Бұдан кейін Болат ағамен жүздесудің сәті түскен емес. Биыл шетелден оралғанда мен түсірілімде едім. Хал-жағдайын Дидар Амантайдан біліп тұрдым. Әлеужеліден Қанат Тілеуханмен болған атақты сұхбатын да көрдім. Таяуда Дидармен қайта бір хабарласқанымда Болат ағаға барғанын, екеуінің біраз әңгімелескенін айтты. "Бұйырса, театрда курс жүргіземіз. Сен туралы айттым. Түсірілімнен келген соң, бірге кіріп шығайық, – деді Дидекең. Алайда бұл жүздесуді жазбаған екен. Топырақ салуға да келе алмадым. "Қазақфильмде" табысып, қадірлі аға тұтқан Сатыбалды ағама да бір уыс топырағым бұйырмады..Өмір ғой деп өзіңді жұбатасың, әйтсе де өзегіңді бірдеңе қарып өтеді...
Шынтуайтында Болат Атабаев театр өнеріндегі әлемдік тұлға еді. Қадіріне жете алмадық. Шәкәрім Абай туралы айта келіп: "Қор елде туды, қадірін ешкім білмеді, қор болып өлді", – дейді. Болат Атабаев жайында да осыны айтуға болады. Егер шынында да Хабиба Елебекова айтқандай ол саясатпен айналыспай, бар қажыр-қайраты мен талантын таза режиссураға басы бүтін бағыштағанында ұлттық театр өнерін қазіргі дағдарыс жағдайынан алып шығар ма еді, бәлкім. Алайда ол саналы ғұмырының соңғы жиырма жылын әділетсіздікпен күреске арнады. Билікке деген наразылығын ол театр тілімен де жеткізіп көрді. Бірақ қоғам оның бұл протестерін естімеді, бәлкім естімегенсіді. Басқасын қайдам, талант пен азаматтық позициясы күшті тұлғаны жорта түсінбей, өтірік елемей өлтіруді қапысыз меңгеріп алған жоқпыз ба, Абай дәуірінен бері. Атабаев да осы торға тұтылды. Шын мәнінде ол қоғамға жат болды, жат болғанда ол жалына қол тигізбес рухани асау тағы еді. Торға түскенде де ол қолға үйренбейтін жабайы тарпаңдай арпалысып өттіі. Ол өзін мына жүйенің ноқталап жуасытқанын қаламады.
Ол фальш атаулыны өлердей жек көрді. Ал қазіргі қазақ қоғамы өңкей фальштен тұрады емес пе? Өнеріміз де, өміріміз де кілең фальш.
Ол дыбысты нақ есту (абсолютный слух) иесі – тума музыканттай қоғам мен өнерді жайлаған фальштермен күресті. Бұл күрескерлігі – оны Дон Кихотқа ұқсататын. Дидар Амантай өз жазбасында оны соңғы романтик депті. Рас сөз. Айтпақшы, алдың күні хабарласқанында "Болат ағаға кино түсірткенде ғой...", – деген өкінішін айтты Дидар. Киномызда да фальш көп қой... Бәлкім режиссер Атабаев фальшсіз фильм түсірер ме еді...
Қалай десек те, қазақ қоғамында Атабаетың орны әркез, үнемі үңірейіп тұрмақ. Ол азаматтық позициясы күшті суреткер еді. Соңында ісін жалғар шәкірт те қалмады. Болат Атабаевтай режиссердің былайша жал-қүйрықсыз өтуі – ұлттық театр өнерінің трагедиясы. "Екі Кенен тумайды, Алатауға ексең де", – дейді Кенен ақын.. Бұл басқа білмесе де, өз бағасын білген өнерпаздың жан айқайы. Болат Атабаев жөнінде де осыны айтуға болады. Ол – бір өзі бір ұлт еді. Оның бойында қазақтың ұлттық қасиеттерінің бәрі бар еді. Сонымен қатар ол әлемдік құндылықтарды да жете меңгерген кемеңгер, адамзаттық санағаға көтерілген данышпан еді. Амал нешік, сақтай алмадық. Отқа да, боққа да салдық. Ұлы бәйгелер үшін жаратылған тарлан тұлпар зорығып, дәлірек айтқанда торығып өлді. Бәлкім жанын жеген құсадан өлді дегеніміз дұрыс шығар?. Не де болса өлді.
Осылай ит жемеде қаншама жақсыларымыз өліп жатыр, құны сұраусыз кетіп жатыр. Бір сұмдығы – бәрі кілең ұлтқа керек, дәл осы кезде – мынау ұлт санасы сансыраған тұста қажет, орыстар айтқандай штучный талантар-ды". Ақселеу Сейдімбеков, Жарқын Шәкерім, Таласбек Әсемқұлов, Сматай Үмбетбаев, Сатыбалды Нарымбетов, Әмірхан Балқыбек, т.б. Енді міне, Болат Атабаев!
Ал үйсіздік пен күйсіздік, жоқшылық пен жұмыссыздық қажытқан, мына дүниеден өз орнын таба алмай құр сүлдері жүрген осы ағалардың ізбасарлары – жас таланттардың халі нешік десеңізші?! Жас ғалымдардың, ойшыл жастардың жағдайы ше? Алды өліп те жатыр. Кешегі жас қаламгер Аягүл Мантайдың мезгілсіз өлімі – осының бір айғағы.
Жоғарыда аты аталған ағалар халқымыздың ұлттық санасын сәулелендірушілері еді яғни ұлттық сана мен ұлттық рухты түтас алып жүрушілер, орысша айтқанда ұлттық кодтың носителдері еді. Ұлттық сана мен ұлттық рух бұл тұлғалардың өнері мен қаламында, қала берді азаматтық ұстанымында еді. Бұл арманы биік асыл ерлер боқ дүние әңгімесінен бойын аулақ ұстады; жатса да, тұрса да ойлайтыны – жұрт қамы, ел келешегі, оның төлтума өнерінің тағдыры еді. Олар ұлттың коды – оның сөз өнері мен ән-күйін саф күйінде сақтап қаламыз деп жанталасты, осы жолда өмірлерін өксітіп, құсалық кешіп өлді. Кенесары айтқандай, бұларды қазаққа Құдай берген еді. Бұрын қазақ мұндай Құдай берген перзенттерін көп ішінен танушы еді,. Жасынан үкілеп ұстап, бірте-бірте топқа түсіріп жетілдіріп, кемеліне келген кезде қиын-қыстауда – жол, жау келгенде қол бастатушы еді, сөйтіп аласапыран замандарда халық өзі төбесіне тұтқан ерлердің ақыл, қайратымен тығырықтан шығатын, өзін-өзі сақтап қалатын. Алайда екі жүз жылға созылған орыс отаршылдығы халықтың бұл өзін-өзі сақтау түйсігін асқан зымияндықпен жойып жіберді. Қазір тұлғаның орнын өңшең тантықтар, әсіре науқаншыл әлекедей жалаңдаған пысықтар басты. Бұлар қойды бұзған шартық қошқар сияқты – елді бұзды. Билікке қолы жетсімен жемқорлықпен айналысты. Есіл дерті ел ырзығын тонау болды. Ал жемқорлық – мемлекеттің түбіне жетпей қоймайтын зауалды құбылыс.
Орыс демекші, өткен жылдары Ақ Орданың ішінен Кремльдің жансызы ұсталғаны естеріңізде болар. Сол жансыздың шпиондық қызметінің бір міндеті – халықтың бас көтерер азаматтарын яғни қазақы тұлғаларды түрлі жолдармен құрту болыпты. Естіген құлақта жазық жоқ, осылай дейді. Сұмдық емес пе?!
.... Осылайша, халқыма болсын деген адал ерлер – қазақы тұлғалар, самородок асылдар өліп жатыр, құны сұраусыз кетіп жатыр және олар "Қызыл кітапқа" енгізерліктей арамызда өте аз қалды. Оның есесіне қазір әулекі тобырдың көңілін көтеретін "Егіз лебіз" сияқты қолдан жасанды өнерпаз жасайтын пропагандалық алып ақпараттық машиналар іске қосылған. Олар ендігі табынатын тұлғаң осы деген насихатты осындай жымысқы идеологиялық жобалар арқылы тобырдың санасына сіңіруде. Осылайша есірік шоулармен естері шыққан елдің өз ерлерін ескеруге мұршасын келтірмеуде.
Келешекте елдің есті азаматтары бірігіп, Атабаев сияқты ардақтылардың өмірін сақтайтын, шығармашылығын қорғайтын һәм демейтін, мәселен "Таланттарды қорғау комитеті" деген сияқты бір ұйым құруы керек шығар немесе мұны "Ұлттық Қызыл кітап" деп атаса да құба-құп.
Бірақ, біздей құл ұлтқа, қор жұртқа мұндай санаға көтерілгенше қай заман?..
Бақұл бол, Болат аға! Қапастан босаған рухың шат болсын! Аруағыңмен қазағыңды жебей жүр!
Ерлан ТӨЛЕУТАЙДЫҢ
фейсбук парақшасынан
Пікірлер