Желіде қазақстандық үш қыздың Ыстанбұлдағы мейрамханалардың бірінде төбелес ортасында жүрген видеосы тарады.
Видеода бірнеше ер адамдың қыздың шашынан сүйреп, сыртқа шығарып жатқаны түсірілген. Түрік басылымдарының хабарлауынша, кейін қазақстандық бойжеткен қамауға алынды, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.
Түркияның Milliyet басылымының хабарлауынша, оқиға болған күні қазақстандық қыз бен оның адвокаты ресми мәлімдеме жасады. Бойжеткеннің сөзінше, ол құрбысы Ұлболсын Малғажаровамен бірге ол жерге көңіл көтеру үшін барған. Алайда оларды жеңіл жүрісті қыз деп ойлаған мейрамхана қызметкері қыздардың телефон нөмірін сұраған. Алайда қыздар нөмірін беруден бас тартқан.
«Ол құрбымның басынан ұрып, содан кейін ішке алып кетіп, ұрып-соға бастады. Мен полицияның нөмірін теріп, оларға телефонымды көрсеттім. Содан кейін олар мені де ұра бастады. Құрбымның шашынан тартты, екіншісі аузын ашуға тырысты, содан кейін құрбым амалсыз оның қолын тістеп алды», - дейді бойжеткен.
Содан кейін Түркияда аспаз болып жұмыс істейтін Ұлболсын Малғажарованы полиция алып кетіп, қамаған. Оның адвокаты Небикан Орхан сотқа ақпарат пен видеоны жинап, қамаудан босатуды сұрады.
«Клиентім қамауда отыр. Олар 3-4 рет телефон сұраған, соған байланысты жанжал шыққан. Дәретханаға бара жатқанда тағы да нөмірін сұраған. Қыз сол кезде шағым түсіремін деп телефонын шығарған, ол телефонын тартып алған. Видеода бір ер адамның менің клиентімнің шашынан ұстап тұрғаны, ал екінші күзетші екі қолын аузына салғаны түсірілген. Қазір қамауда отырғанына байланысты шағым түсірдік, мүмкіндік бола салысымен босатады деп үміттенеміз», - деді авдокат Небикан Орхан.
Ал Қазақстанның Түркиядағы төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы жағдайға байланысты пікір білдірді. Оның сөзінше, мәселе бойынша Қазақстанның Ыстанбұлдағы Бас консулдығы айналысып жатыр.
«Бізге азаматтарымыздан шағым түспесе де, жәбір көрген қыздарымызды іздеп таптық. Қамаудағы азамат бойынша консулдық көмек көрсетіп жатыр. Ыстанбұл қаласы ішкі істер басқармасы басшысы және оқиға болған аудандық ішкі істер басшысына мәселенің әділ қарастырылуы бойынша талап жеткізілді. Азаматтарымыздың құқығын қорғау жұмыстары жүргізілуде», - деп жазды Сапарбекұлы.
«Әрине кінәсі бар-жоқ екеніне қарамастан қыз балаға мұндай зорлық-зомбылық үшін өкініш білдіріп жатқан түрік ағайындар да өте көп. Сабыр сақтап, жекелеген адамдардың әрекеті үшін бүкіл халықты айыптаудан аулақ болайық», - деп жазды Қазақстанның Түркиядағы елшісі.
"Адырна" ұлттық порталы