Қазақстандық Әсел Айтпаеваны зорлады деп айыпталған Бесик Тордуаның өліміне ми инфаркты себеп болуы мүмкін, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.
2021 жылдың 28 мамырында елдің арнайы пенитенциарлық қызметінде айыпталушыға медициналық тексеру жүргізіліп, артериялық гипертензия диагнозы қойылған. Соған байланысты ол үнемі медицина қызметкерлерінің бақылауында болды.
2021 жылдың 30 маусымында Тордуа дәрігерге басы қатты ауырып тұрғанын, есінен танып қалғанын айтқан. Ол сөйлеу қабілетінің бұзылуына және қан қысымының жоғарылауына әкелген.
Тордуа жедел жәрдеммен азаматтық емханаға жеткізілді. Емханада жүргізілген мидың компьютерлік томографиясының нәтижесі және неврологтың кеңесі бойынша оған ми инфаркты диагнозы қойылды.
«Ауыр жағдайда болғанына байланысты айыпталушы жансақтау бөліміне жатқызылды, ем қабылдап, интенсивті бақылауда болды. Нейрохирургтың кеңесіне байланысты шұғыл операция жасау қажеттілігі туындады. Операциядан кейін науқастың жалпы жағдайы ауыр, гемодинамика көрсеткіштері тұрақсыз болып қала берді», - делінген пенитенциарлық қызметтің хабарламасында.
Ем көрсетілгеніне қарамастан науқастың жағдайы нашарлады. 2021 жылдың 14 шілдесінде жүрек ырғағы бұзылып, көп ұзамай оның жұмысы тоқтады.
«Жүрек-өкпе реанимациясы хаттамаға толық сәйкес басталды, бірақ жүректің механикалық функциясын қалпына келтіре алмады. Науқас қайтыс болды», - делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін 26 жастағы Қазақстан азаматы Әсел Айтпаеваны зорлады деп айыпталған Бесик Тордуа түрмеде өлі табылғаны туралы ақпарат тарады.
Іс бойынша тергеу әлі аяқталған жоқ.
"Адырна" ұлттық порталы