Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында велошеру өтті

2147
Adyrna.kz Telegram

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өткен жексенбіде 150-ден аса адам қатысқан велошеру өтті. Қала әкімдігі, денешынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен «Velotravel Tekeli» клубы ұйымдастырған шара көпшіліктің көзайымына айyалып, рухты аспандатып, тұмса табиғатты Текеліні тағы бір қырынан танытты.

Мәдениет үйінің алаңына жиналған велошерушілер мен тамашалауға келген қауымға жылы лебізін білдіріп, тәуелсіздік таңдарында қайта түлеген шағын қаламыздың туристік әлеуетін арттыру уақыт талабы екенін, ел мен жер тануға, жас ұрпақты патриотизмге баулуға ықпалы зор осындай шаралардың ауқымын кеңейтудің маңыздылығын алға тартқан қала әкімі Батыр Молдахметов егеменді еліміздің еңселі болуын тілеп, жұртшылықты салауатты өмір салтын ұстануға, бұқаралық спортқа бет бұруға шақырды.

Пандемияның салдарынан кейінге шегерілген биылғы веломаусымның ашылуына орай ұйымдастырылған салтанатты шеруге қатысушылар көк Туды желбіретіп, елдік рәміздерге құрмет көрсетіп, елжандылықтың үлгісін танытты.

Велошеруге Алматы қаласының «UniversalBicycleTeam», Талдықорғанның «Velopark.TDK», «Velopark.kz» клубтары, «Жетісу регби» әйелдер командасы, А.Кивилев атындағы велоспорттан облыстық олимпиада ізбасарларын дайындауға арналған арнаулы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің, Каратэ шинкиокушинкай федерациясының Текелі қалалық филиалының жасөспірімдері мен жаттықты-рушылары және велоспортқа бейім қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Олар алдын ала белгіленген 8 шақырым жолды асқан салтанатпен жүріп өтті. Полиция қызметінің көлігі қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, жол бастап отырды. Дәл осы мезетте парапланмен көк жүзінде толқындана желбіреген Мемлекеттік Туымыз жұртшылықтың назарын аударып, күн шапағымен жалқынданып, көзге көрінбейтін, жанды тебірентетін бір сезімді жамыратып, жүректерді бірге толқытты.

«Velotravel Tekeli» клубының жетекшісі ЕрмекСамиев:

Біздің клубтың 100-ге тарта мүшесі бар. Үлкеніміз 70-ке келіп қалса, ең кішіміз 8 жаста. Тек Текелі қаласының ғана емес, Алматы, Астана, Атырау қалаларының әуесқой велоспортшылары клубымыздың қатарына қосылып, тұрақты байланыс жасап тұрамыз. Жерлесіміз, велоспорттан Қазақстан құрама командасының мүшесі, кәсіби велоспортшы Денис Сергиенконың қасымыздан табылып, шетелдерде өтетін додаларға «Velotravel Tekeli» клубының арнайы киімін киіп қатысатыны үлкен мақтаныш. Жалпы клубымыз кәсіби спорттыемес, туристік спорт бағытын ұстанады. Жақында бір тобымыз Бұрхан бұлаққа барып келдік. Діттеген жерге 10 сағатта жеттік. Шатыр құрып, қонып, сарқыраманың, табиғаттың сұлулығына тамсанып, туған жердің қасиетін сезініп қайттық. Алдағы уақытта Көлсайға, Алтынемелге, Шарынға, жалпы Алматы облысындағы танымал, тарихи орындарға баруды жоспарлап отырмыз», – деп қос дөңгелекке қызық үшін қонбағандарын, салауатты өмір салтын қолдаумен қатар, отандық туризмді ілгерілетуге көңіл бөлгендерін аңғартты.

Велошеруге қатысқан алматылық, талдықорғандық қонақтарды сөзге тартып едік, көбі Текеліге бірінші рет келгендерін, табиғаты, ауасы ерекше ұнағанын айтты.

«Туристерді тартуға бағытталған осындай шаралар жиі өткізілсе, Текеліні танитындардың, қайта келуге асығатындардың қатары көп болады деп ойлаймыз»,– дейді олар.

Шара соңында велошеруге белсенді қатысқандар, ұйымдастыруға қолқабыс еткендер Алғысхаттармен марапатталды, қатысушылардың барлығына естелік сыйлықтар табыс етілді.

Торғын ТҰРЛЫБАЕВА

 

Пікірлер