1 маусымда Қостанайдың физика-математика лицейінде жаңа STEM-зертханасының ашылуы өтті.
3D-принтерді, робототехникалық жиынтықтарды, модульдік станоктарды қамтитын жаңа жабдықтың арқасында лицей оқушылары оқу процесінен қол үзбей, өздерінің креативті идеялары мен жобаларын іске асыруға мүмкіндік алды.
«Балаларды қорғау күнінде жаңа STEM-зертхананың ашылуы кездейсоқ емес, өйткені сапалы білім беру процесін, оқушылардың таланттары мен қабілеттерін дамыту мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін тиісті жағдай жасау маңызды», - деп атап өтті Білім басқармасы басшысының орынбасары Айман Ибраева.
Физика-математика лицейіндегі STEM-зертхананы сатып алу үшін бюджеттен 12 млн. теңгеден астам қаражат бөлінді.
Шамамен 56 млн.теңгені құрайтын STEM-зертханалар облыстың тағы 5 мектебінде ашылады. Бүгінгі таңда Қостанай қаласының «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицейінде, Әулиекөл ауданының Съянов атындағы орта мектебінде және Жітіқара ауданының № 12 орта мектебінде зертханалар ашылды. Жақын арада Тобыл қаласының мектеп-гимназиясында тағы бір зертхананың ашылуы жоспарлануда.
STEM-бағыты дамудың 4 негізгі саласын қамтиды: инженерлік іс, бағдарламалау және 3D-үлгілеу, сондай-ақ физика, биология, география, астрономия бойынша бағдарламалық жасақтама. Осының арқасында біздің оқушылар цифрлық технологияларды меңгеру дағдыларын дамыта отырып, келешекте ІТ-саласында табысты маман бола алады. Ал педагогтар 3D презентацияларды, виртуалды модельдер мен тәжірибелерді пайдалана отырып, бірқатар пәндерді оқытудың жаңа мүмкіндіктеріне ие болады. Сәттілік тілейміз!