Қостанайда еңкейген қариядан бүлдіршін балаға дейін шаңғыға тұрды

1672
Adyrna.kz Telegram

17 наурыз – «Шаңырақ күнінде» қостанайлықтар жаппай шаңғы тебу жарысына қатысты. Жадыраған жексенбідегі «Отбасылық спорт күні» деп аталған іс-шара есі кірген бала мен егде жастағы әуесқой шаңғышылардың басын қосты.

Спорт әрқашан да бізді біріктіреді, алға жетелейді. Бұндай іс-шаралар отбасылық құндылықтарды арттыруға, салауатты өмір сүруге ықпал етеді. Ол үшін облысымызда жақсы жағдай жасалынған, әлі де спортты дамытуға арналған ауқымды жобалар жоспарланған. Наурыз мейрамы баршаңызға береке, жақсылық пен молшылық әкелсін, - деп жарыстың ашылу салтанатында қатысушыларды аймақ басшысы Құмар Ақсақалов құттықтады.

Облыс әкімі барлық қатысушылар үшін белгіленген мың метр арақашықты айналып өтті. Спорттық іс-шараға барлығы 500-ге жуық адам ат салысты, ең ересек қатысушының жасы 80-ге таяу болса, 5 жастағы бүлдіршіндер де бұл жарыстан тыс қалмады.

Жарысқа қатысушылар 3 жас санатына бөлініп, алдымен, шаңғы тебуге 17 және одан кіші жастағылар шықты. Келесі 40-тан жоғарылар болса, олардан кейін 18-39 жас аралығындағы спорт сүйер қауым өздеріне берілген қашықтықты жүріп өтті.

Айта кету керек, 1 санатта мектеп жасындағы 250 шаңғышы өнер көрсетіп, ерекше белсенділік танытты. Олардың әрқайсына бассейнге арналған тегін абонемент тарту етілді.

Пікірлер