Телғожа Жанұзақтың «Қазақ ономастикасы» 5 томдығы жарық көрді

5694
Adyrna.kz Telegram

Бүгін Халықаралық Түркі академиясы Алматы қаласында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің әл-Фараби кітапханасында «Ғалым Телғожа Жанұзақ және ономастика  мәселелері» атты  жиын өткізді.

Әл-Фараби кітапханасында өткен шараға Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, белгілі түрколог, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, профессор Телғожа Жанұзақ, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Әлеуметтік даму жөніндегі проректор Әлия Масалимова, ҚазҰУ Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры Жанғара Дәдебаев, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова, танымал ғалымдар Әлімхан Жүнісбек, Дандай Ысқақов, Рүстембек Шойбеков, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері қатысты.

Алқалы жиын барысында Халықаралық Түркі академиясы әзірлеген Телғожа Жанұзақтың «Қазақ ономастикасы» атты 5 томдық еңбегінің тұсаукесер рәсімі жасалып, оқырманға жол тартты. Іргелі ғылыми еңбек отандық ономастика ғылымы саласының мәселелерін жан-жақты қамтыған толыққанды жинақ болуымен ерекшеленеді. Сондай-ақ, кітаптарда ғалымның әр-жылдарда жазған еңбектері жаңа редакцияда ұсынылып отыр.

Айта кету керек, қазақ ономастика саласының көрнекті өкілі, филология ғылымдарының докторы Телғожа Жанұзақ биыл 94 жасқа толып отыр. Басқосуға жиналғандар ғалымды мерейлі жасымен құттықтап, ізгі ниеттерін білдірді.

Келелі кеңеске онлайн желі арқылы да еліміздің әр өңірінен оқытушы ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысып отырды.

 

Халықаралық Түркі академиясының

Баспасөз қызметі

ITApressa@gmail.com

+7 705 114 79 78

Пікірлер