Судья Жолманова сейфінен табылған 10 мың доллар туралы бар шындықты айтты

5700
Adyrna.kz Telegram

Ірі көлемде пара алды деп күдікке ілінген Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы Светлана Жолманова жұрттан араша сұрап, болған істің мән жайын өз аузымен айтты деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Dalanews.kz сайтына сілтеме жасап.

Журналистермен өткен онлайн кездесуде судья өзі туралы әлемжеліде тараған алып-қашпа ақпаратқа қатысты түсінік беріп, сейфтен табылған 10 мың доллардың «шығу тегін» баян етті.

Оның атап өткеніндей әлгі қаражат өз жинағы, оның өзінде тұтастай емес. Қаржының бір бөлігін пәтер сатып алу үшін қарызға алған.

«Түркісб ауданында тұратын шешемнің үйін сатып, оның үстінен аз-маз ақша қосып, тап жанымнан пәтер сатып алуды ұйғарғанбыз. Сол күні Отбасы банкке баруды ойластырып, алғашқы жарнаны аудару үшін ақшаны жұмысқа алып келген жайым бар еді», – дейді Жолманова.

«Мына заманда ақшаны жұмыста сақтаушы ма еді?» деген журналистер сауалына судья қомақты қаражатты үйде сақтаудан сезіктенгенін, балалардың көзіне түсіп жұмсалып кетерінен қауіптенгенін айтты.

Соттың қызметі қауырт болғасын таңнан кешке дейін үй бетін көрмейтін сәттер көп. Кей кезде балалары кешкі тамақты үйге алдырады екен.

«Сондықтан ақшаны үйде сақтағанды жөн көрмедім. Үйге курьерлер жиі келеді. Бейсауат жүрген біреудің көзіне түссе ақшадан бұрын, отбасым сорлап қалар еді», – дейді судья.

...

Жолманованың бұдан өзге капиталы жоқ. Миллион доллар туралы әлемжеліге лезде тарап кеткен ақпарат – жалған. Көлігінде де, квартирасында да мұндай қаражат табылмаған.

Сөй деген судья тіпті көлігі де жоқ екенін мәлім етті. Ал сейфтен табылған 10 мың доллар заңды табысы, қалай, қайдан келгенін түсіндіріп бере алатынын айтады.

«Көлігім мен пәтерімнен аста-төк ақша табылды деп «алақайлағандар» осы арқылы қоғамды мына маған қарсы қоймақ болды. Мен ғана емес, тұтас сот саласына кір келтіруді көздеді», – дейді ол.

...

Жолманова өзінің көзін ала бере үйіне бас-көктеп кіріп, тінту жүргізген тергеушілерге наразы. Себебі тінту соттың санкциясынсыз және Бас прокурордың пәрменінсіз жүргізілген. Судья лауазымының иммунитеті табанға тапталған.

Тергеушілер үйде бала-шаға барына қарамай тінтуді бастап кеткен. Судьяның үйде жоқтығын пайдаланып, баспананы астаң-кестеңін шығармақ ойы болған.

«Үйімді тінтігелі жатқанын естіп, оның алдын-алу үшін едел-жедел әрекет еттім. Әйтсе де босағаға өтіп үлгеріпті. Кабинетімді тіміскілеп болғанын кейін менің көзімше үйді ақтаруға көшті. Түк таппады. Ал көлік атаулы менде атымен жоқ», –  дейді Жолманова.

...

Кабинетіндегі 10 мың доллар адал ақысы екенін, қоғамдық көлікпен жүретінін, ал үйін тінтігендер түк таппағанын мәлім еткен судьяға қандай айып тағылып отыр?

Dalanews.kz тілшісі осы мәселенің анық-қанығын білу үшін судьяға сауал қойған еді.

Ол өзінің күдікті емес, куәгер екенін, өзіне қатысты қандай қылмыстық іс қозғалғанынан әліге дейін хабарсыз екенін айтады. Оның тінту кезінде де, әзір де бостандықта жүргені содан болса керек.

Бұдан бұрын бірқатар БАҚ: «Жолманова құрылыс компаниясынан миллион долларға жуық пара алды» деген ақпарат таратқан-ды.

Судья мұны жоққа шығарып отыр.

«Құрылыс компаниясынан көк тиын алған емеспін. Мойындайын, осыған дейін құрылыс саласына қатысты іс-құжатты қарастырғаным рас. Мен ғана емес, бұларға қатысты басқа да судьялар халықтың сөзін сөйлеп, теріс шешім шығарды.

Мәселен «Есентай ситидің» дауы. Мен тұрғындардың шағымын заңды деп танып, ауқымы кеңейіп жатқан тұрғын-үй кешенінің кесірінен ауласына өте алмай қалғанын азаматтарды ақтап шықтым. «Еурополис» тұрғын-үй кешеніне арызданған тұрғындардың талабын тыңдап, үйдің қолданысқа берілуін заңсыз деп таптым», – дейді ол.

...

Жолманова тергеуді Ұлттық қауіпсіздік комитеті жүргізіп жатқанына таң. Заңға сай коррупция және алаяқтық істерді ҰҚК тергемейді. Мұнымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік немесе полицейлер айналысуы тиіс.

«ҰҚК-ның менде не жұмысын барын түсінбей-ақ қойдым. Мұның басында Тойбаев Сұлтан деген комитет өкілі отыр. Істі уыстан шығармай отырған да соның өзі. Оның қос қызметі бар. Алматы қалалық соты төрағасының кеңесшісі қызметін қоса атқарады», – дейді судья.

...

Ілгеріде сот иммунитеті туралы сөз қозғағанбыз. Нақтыласақ, судьялар сот билігін жүзеге асырушы тұлға ретінде бірқатар нормативтік актілермен, соның ішінде ҚР Конституциясымен жəне конституциялық заңдармен айқындалған арнайы мəртебеге ие.

– Алайда, – дейді Жолманова. Мені бір жолы бойы торып келген екен. Кабинетіме жасырын камера орнатып, кірген-шыққанымды аңдып отырған. Мұны бір топ адам кабинетіме басым кірген күні бір-ақ білдім. Тіпті кеңесу бөлмесінде де камера орнатылыпты.

Айтуынша осылайша оның судьялық иммунитеті табанға тапталған. Кеңесу бөлмесі әдетте судьяның істің мән-жайына үңіліп, шешім шығаратын кабинеті. Арнайы мәртебеге сай судья тәуелсіз тұлға, оған ешкім қысым жасамауы қажет, олардың соңынан шам алып түсіп, басқан ізін аңдуға ешкімнің құқы жоқ.

Сөй деген Жолманова «маған кепілдік берілген иммунитет әдірам қалды», – дейді.

...

Dalanews.kz тілшісін таңғалдырған тағы бір жайт – құрықтау кезінде Жоламанованың телефонын шұқылап, жайбарақат отырғаны. Мұны қалай түсінеміз?

«Түсінбейтін несі бар? Мен өзімнің адалдығыма, тазалығыма сенімдімін. Сондықтан сабыр сақтап отырдым. Заңға томпақ келерлік әрекет еткен жоқпын. “Санкциямен келдік” дегендерді кабинетіме кіргіздім, тінту жүргізуге рұқсат бердім. Сол сәтте телефоныма тыным болмай, алаңдаған әріптестерім хабар-ошар сұрай бастады. Соларға жауап жазып жатқан сәт суретке түсіп қалса керек», – дейді Жолманова.

Абыр-сабыр сәтте телефонына ұлы хабарласып, тергеушілердің үйді тінтуге келгенін хабарлаған. Жолманова шу көтеріп, өзі жоқта үйді тінтуге келгендердің әрекеті заңсыз екенін айтқан.

...

Аталған істің қоғамдық резонанс туғызуына атышулы блогер Айгүл Орынбектің жазбасы айтарлықтар әсер еткені анық.

Блогердің жазбасында Жолманованың кабинетінен 4500 доллар, үйін тінту кезінде 2 800 000 доллар, жеке көлігінен 600 000 доллар табылғаны айтылған-тын. Сондай-ақ Медеу аудандық сотының судьясы құрылыс салушыдан 1 180 000 доллар көлемінде пара алғаны туралы ақпаратты Орынбектен оқыған едік.

«Осы рас па? Орынбек бұл мәліметті қайдан алды?» деген Dalanews сауалына «жоқ» деп жауап берген Жолманова Қазақстандағы Судьялар одағы ар-намысын аяққа таптатпай, өзіне араша түсеріне сенімді.

«Себебі мұның бәрі жалған. Мен қоғамдық көлікпен жүремін. Мәшінем жоқ. Ал үйді тінту кезінде түк таппады», – дейді ол. Сөзіне қарағанда қазіргі ситуация толық шешімін тапқаннан кейін, ісі Айгүл Орынбекпен болмақ.

...

Жолманова бұл істің қолдан құралғанын, қудалауды қастық ойлағандар ұйымдастырғанын айтады.

Олардың атын атаған судья «сот жүйесінің тазалығы мен тәуелсіздігін қорғағаным үшін «сүйкімсіз» атандым» деп санайды.  Пікірінше бұл даудың бастауында басшылықпен арадағы конфликті тұр.

«Медеу аудандық сотының төрағасы Әсет Боранбаев пен Алматы қалалық сотының төрағасы Асқар Смайловтың ұзақ уақыт бойғы заңсыз іс-әрекеттеріне қарсы тұрдым. Судьялар шешіміне ықпал етіп, қысым көрсетуіне кедергі келтірдім.

Аудандық сот төрағасы біздің жұмысқа септігін тигізетін мамандарды, хатшыларды қудалап, жұмыстан шығара бастады. Әрбір судьяның хатшысы болуы керек. Былайша айтқанда оң қолы. Бұлардың жүктемесі көп, жалақысы аз.

Біздің шұғыл шешім шығарып, жұмысты жедел жүргізуіміз осы көмекшілерге тіреліп тұр. Ал Боранбаев болса, оларға себепсізден соқтығып, тырнақ астынан кір іздеді. Салдарынан 6 хатшы жұмыстан кетті», – дейді Жолманова.

Судья осыны айтып, Жақын Асановқа дейін жеткен. Мәселе шешімін тапқандай болған. Алайда кейін қалалық соттық төрағасы ауысып кетіп, жағдай қайта ушығыпты.

«Қалалық сот төрағасы Асқар Смайылов індет асқынып, карантин күшейген шақта біздерді жұмысқа шығуға мәжбүрледі. Сөйтіп бас санитардың қаулысын бұздық. Екі судья ковидтан көз жұмды. Мұны көре отырып, үнсіз қала алмадым. Смайловтың атына арыз жолдап, екі судьяның қайтыс болғанын есіне салып, қазіргі шақта қашықтан жұмыс істеуіміз қажет дедім. Ашығын айтқанда, оған өз пікірімді білдіргенім үшін ұнамай қалдым», – дейді Жолманова.

Айтуынша қалалық сот төрағасы қызметіне тағайындалған алғашқы күннен бастап сот шешімдеріне араласа бастаған. «Тапсырысын» орындамаған судьялардың жұмысқа босайтынын айтып, қорқытып-үркіткен.

«Дәл солай бұйырған жазбасы бар. Біздің қандай шешім қабылдау керегімізді айтып, іске тұмсық тығуын доғарған жоқ. Бұған қарсы шыққан мені жазалай алмады. Себебі жұмысымда ағаттық жоқ еді.

Тоқ етерін айтқанда, мен өз ісіме адалмын. Ақылға сиятын, заң аясындағы әділетті шешімдер қабылдадым», - дейді судья Жолманова.

Әзірлеген, Думан БЫҚАЙ

Пікірлер