Бүгін Астанада өткен «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясының отырысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин алдағы референдумның маңызы мен жаңа Ата Заңның философиясына тоқталды. Ол ұлттық бірлік пен халық сенімі реформалардың басты қозғаушы күші екенін айтты.
Мемлекеттік кеңесші сөзін ел бірлігіне қызмет етудің қадір-қасиетін айқындаудан бастады.
«Осыдан үш жыл бұрын Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясында Мемлекет басшысы: «Ел бірлігін нығайту үшін қызмет ету – ең жауапты әрі сауапты іс», – деген еді. Президенттің осы сөзін түрлі жиындарда үнемі қайталап жүремін. Бірлікте және бірлікке қызмет ету – жақсылықтың ең абзалы. Өйткені жұмылып істеген істің пайдасы да, нәтижесі де орасан болады», – деді Ерлан Қарин.
Мемлекеттік кеңесші Конституциялық реформаның ұзақ уақыт бойы жан-жақты талқыланғанын, бұл құжаттың бүкілхалықтық сипатын ерекше атап өтті.
«7 айдан астам уақыт бойы дайындалып, пысықталған Конституциялық реформа – қоғам бірлігі мен халық ынтымағының айғағы. Бұл Жаңа Ата Заңды әзірлеуге мыңдаған адам қатысты. Сондықтан Жаңа Конституция еліміз үшін берекелі құжат болады деп сенемін», – деді ол.
Бұған қоса, Ерлан Қарин өңірлердегі кездесулерге тоқталып, халықтың реформаларға деген ықыласы мен Мемлекет басшысына деген сенімін атап өтті.
«Азаматтарымыздың басым бөлігі Жаңа Конституцияны қолдап отыр. Бұл қолдаудың өзегінде – Мемлекет басшысына және оның бастамасымен жүзеге асырылып жатқан өзгерістерге деген үміт бар. Егер халық билікке сенбесе, реформаларды бастау да қиын болар еді. Тек халықтың қолдауы бізге осындай жүйелі өзгерістерді жасауға күш беріп отыр», – деді Ерлан Қарин.
Сонымен қатар, Мемлекеттік кеңесші қоғамдағы пікір алуандығына тоқталып, реформаны сынаушыларға қатысты өз ойын білдірді.
«Бүгінде еліміздің әр азаматы өз ойын, өз пікірін еркін айтуға құқылы. Сондықтан, бүгінде болып жатқан өзгерістерді біреулер қолдайды, біреулер сын айтады, біреулер сұрақ қояды. Бұл – біз құруға ұмтылған ашық қоғамның белгісі. Бірақ сол сын айтып жүргендер ұлттық бірегейлікке, аумақтық тұтастыққа немесе дәстүрлі құндылықтарды қорғауға бағытталған нормаларға қарсы болғандарын түсіне ме?!», – деді ол.
Ерлан Қариннің айтуынша, осындай тағдыр шешті сәтте тұтас қоғамды артқа тарту – дұрыс емес. Ол Жаңа Конституцияның басты миссиясы – саяси көзқарасына қарамастан, әрбір қазақстандықтың құқығын тең қорғау екенін түсіндірді.
«Түптің түбінде жаңа Конституция оны қолдағандарды да, күмән келтіргендерді де бәрібір бірдей қорғап, тең кепілдік береді. Ертең бір азаматымыз әлемнің бір шетінде қиын жағдайға ұшыраса, мемлекет оны жалғыз қалдырмайды. «Әр қазақ – жалғызым» деген ұлттық ұранымыз енді «Әр азамат – басты құндылық» деген конституциялық қағидатқа айналды», – деп нақтылады Мемлекет кеңесші.
Сөз соңында Ерлан Қарин референдум өткізілетін күнді Жаңару күні деп атап, оның тарихи маңызына назар аударды.
«15 наурыз – бұл тек референдум күні емес, бұл – Жаңару күні. Егер азаматтарымыз қолдаса, біз жаңа дәуірге аяқ басамыз. Адамдар тұрғын үйден заңсыз шығарылмайды, жеке деректер қорғалады, егемендіктің иесі халық болып танылады. Жаңа Конституция үлкен жаңашылдықтардың, берекелі істердің бастауы болсын!», – деп түйіндеді Мемлекеттік кеңесші.
Мемлекеттік кеңесші: Егемендік пен Тәуелсіздікті сақтау, нығайту – жаңа Конституцияның мызғымас қағидаты
