Істі судья өзі емес, оған қалай айтылады, солай шешеді — заңгер

3813
Adyrna.kz Telegram

«Адырна» ұлттық порталының кезекті сұхбаты білікті заңгер, Bolashak Consulting Group директоры – Сағидолла Баймұратпен болды.

-Сағидолла мырза, сот жүйесіне енген жаңа реформалардың қайсысы дұрыс жүзеге асуда деп ойлайсыз?

-Сот жүйесінде қабылданып жатқан көптеген реформалар өзінің мақсатына жетіп жатыр. Дегенмен, әр реформаның кемшілігі де болады. Сондықтан, халқымыз әділ және адал қоғамда өмір сүріп және жұмыс істеп жатқанын түсіну үшін әр уақытта даму керек. Ең үлкен жетістік, менің ойымша ол – электронды сот кабинеті. Сотқа құжаттар тапсыру, талап арыз беру, шағым түсіру, барлығы дерлік  толықтай цифрландырылған. Өте ыңғайлы және барлық жұмыстарың тіркеулі, соттың актілеріне әр уақытта жүгінуге болады.

Ал кемшіліктерін айтатын болсақ, ол әр уақытта туындайтын әділ соттылық. Өкінішке орай, соттағы шешімдердің шығуы кезінде, немесе маңызды бөлігін айтатын болсақ, сот төрағаларының араласу тәуекелі бар. Яғни, істі судья өзі емес оған қалай айтылады, солай шешеді. Ол мәселе менің ойлап тауып, не ойдан шығарып отырғаным емес. Ол туралы Жоғары соттың төрағасы Ж.Асанов 2020 жылдың 29 желтоқсанында жариялаған мақаласында айтқан болатын. Осы тәуекелді мейлінше азайту керек. Судьялардың толықтай тәуелсіз болуын қамтамасыз ету керек.

 -Аралық сот дегеніміз не? Неге қазақстандықтар аралық сотты алқабилермен, экономикалық сотпен жиі шатастырады?

-Аралық сот немесе төрелік сот дегеніміз, қарапайым сөзбен айтқанда, екі жақтың келісімімен өз дауларын арнайы өз ережелерімен және төрелік туралы заңға сәйкес құрылған нақты дауды қарау үшін арнайы құрылған сот немесе тұрақты жұмыс істейтін сот. Яғни, ең бірінші нақты талап, екі тараптың арасында дауды төрелікке беру келісімі болуы тиіс. Ондай келісім жоқ жерде, төрелік сот дауды қарай алмайды.

Көбінесе төрелік соттар коммерциялық және экономикалық дауларды қарайды. Мүмкін сол себепті қазақстандықтар шатастыратын шығар. Бірақ, мысалы егер бір тарап келісім шартқа қол қойып, соның ішінде төрелік сотқа дауды беру көзделген болса және сол тарап оның не екенін түсінбеген болса, ол үлкен қателік және құқықтық сауатсыздықтың белгісі болып табылады.

Төрелік соттың мәнісін түсінбегеннен көптеген тараптар өз құқықтарын қорғай алмай жатады. Оның себебі, қарсы тарап өзі баяғыдан білетін және танитын төрелік сотты көрсетіп қояды. Шартқа мұқият көңіл бөлу керек. Төрелік, яғни арбитраж деген нәрсені көрсеңіз бірден заңгермен хабарласу керек, не ондай шартқа қол қоюдан бас тарту керек.

-Сотта шешім қабылдауда амнистиялар қаншалықты жиі болады? Ол неге байланысты?

-Бұл жерде биліктің тармақтарын шатастырмаған жөн. Амнистия Парламенттің амнистия туралы актісімен қабылданады. Ол акт негізінен заң ретінде қабылданады. Яғни мемлекет тарапынан гуманизм және рақымшылдық құндылықтарына негізделген саяси шешім. Оның ешқандайда жиілігі, не міндеттілігі жоқ. Ал сот тек қана сол қабылданған заң тұрғысынан үкім шығарады. Қазақстанда жалпы 1991 жылдан бері 10 амнистия қабылданған болатын. Барлығы да мемлекет тарапынан гуманизм және рақымшылдық көрсету оймен істеледі.

-Қысқа мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалғаны үшін соттарды сынға алу қаншалықты әділ?

-Бұл мәселеде сөз еркіндігін ескеру керек деп санаймын. Егер де кімде-кім сот шешімін сынға алса, ол оның еркіндігі болуға тиіс. Сол сот шешімімен келіспейтін біреу болса, оны заңнамада белгіленген тәртіппен қайта қарауға болады. Бұл алдыңғы қатарлы мемлекеттерде әлдеқайда шешіліп қойған мәселе. Мысалы, ағылшын судьялары өздерінің өте биік мәртебесін ескере отырып, ешқандайда сынға қарамастан әділ шешім шығарады және сынға алғаны үшін ешкімді жазаламайды. Ондай іс-әрекет үшін жазалау Англияда 300 жыл болған. Ал қазір сөз еркіндігі негізгі құндылық болып отыр.

-Еліміздегі заңнамалық актілердің, заң күші бар жобалардың ашықтығы қандай деңгейде?

-Қазақстанда «Ашық НҚА (Нормативтік құқықтық актілер)» порталы жұмыс істейді. Сол жерде барлық нормативтік құқықтық актілер, яғни заңдар, жарғылар, үкімдер мен бұйрықтар, шешімдер мен қаулылар, барлығы ашық талқыға салынады. Оны істеу оп-оңай. Электронды цифрлы қолтаңбаңыз болса жеткілікті. Өкінішке орай, жарияланған жобалардың көп бөлігі мүлдем талқылаусыз қалады. Оның себебі елімізде азаматтық белсенділік өте төмен. Ал егер белгілі бір акт біреуге әсер етіп жатса, кей азаматтарымыз таң қалып жатады. Қазақстанда барлық НҚА жобалары ашық талқылауға жатады және кез келген адам ол жоба бойынша өз ойын білдіріп, ұсыныстарын жасай алады.

-Қазақстандағы кез келген азамат өз құқығын білуі міндетті. Алайда, құқықтық сана деңгейінің төмендігінен қазіргі таңда азаматтардың алдануына, заң бұзушылықтарына байланысты көптеген істер орын алуда. Осындай жағдайлар болмау үшін, халықтың құқықтық сана деңгейін қалай көтеруге болады деп ойлайсыз?

-Халықтың құқықтық санасын көтеру негізгі адам құқықтарын мектеп табалдырығынан үйретуден бастау керек деп санаймын. Егер біздің түлектеріміз мектеп бітірген кезде, еңбек шарты не үшін керек және оның қандай нормаларына баса назар аудару керектігін түсінсе, жұмыс істегенде көпшілігі алданбас еді. Егер де олар КСК және басқа да меншік иелерінің бірлестігі не үшін керектігін түсіндірсе, олар пәтер алған кезде үйдің жұмысына белсенді араласар еді. Бұл сұрақтарды маңыздылығы бойынша әлі ұзақ жалғастыруға болады. Бірақ, ол жұмысты мектеп шағынан бастамай, мәселені шешу әлдеқайда қиын болады. Бұл – бір. Екіншіден, заң білімінің сапасын көтеру керек. Қазақстанда заңгерлерді дайындайтын көптеген оқу орындар біліксіз және білімсіз мамандарды шығарады. Дәл сол сапасыз қызметті көрсететін заңгерлер құқықтық сананы дамытуды тежейді. Жақсы заңгерлерсіз құқықтық сапаны көтеру мүмкін емес. Заңгерлер негізгі заңды ақпаратты жеткізуші тұлғалар.

-Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы» қандай салаларды қамтыды? Маңыздылығы неде болды? Кейінде осындай тұжырымдалар біздің елге керек пе?

Тұжырымдама өзінің құқықтық табиғаты бойынша өзінің пәні аясында барлық сұрақтарды қамтиды. Оның ішінде кейін қатынастарды реттейтін заңдардың негізгі идеялар қалыптастырылады. Ауқымы өте кең және оның маңызы мен мәнісін түсіну үшін әр адам өзі уақыт бөліп оқыған жөн. Тұжырымдамаларды қабылдау заңмен көзделген нәрсе. Сондықтан ондай тұжырымдамаларсыз жүйе жұмыс істемейді.

-Құқықтық мәдениетті қалыптастыру не үшін қажет? Негізі неде?

Құқықтық мәдениеті жоғары қоғамда адамдар өздерінің басқа адамдардан нені және қалай талап ете алатынын біледі, және басқа адамдарға нені беру керектігін біледі. Ондай қоғамда бір-біріне деген сыйластық болады, қылмыс азайып, өркендеу басталады. Өзінің құқығын білмейтін адамды алдау өте жеңіл. Көп алаяқтар соны қолданып, халықты оңай алдап кетеді.

-Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен: Дина ЛИТПИН,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер