Құқықтық сауаттылық: Бүгінгі жастар өз құқығын қаншалықты біледі?

16766
Adyrna.kz Telegram

Құқық. Заң. Құқықтық сауаттылық. Бір кездері бұл сөздер әрбірімізге таңсық болды. Өйткені арнайы заң қызметкерлері ғана жоғарыдағы сөздердің мағынасын білетін. Ал қазіргі техниканың дамыған заманында адамдардың көбі өз құқығын білу үшін заңдарды қарап, сауаттылықтарын арттырып жүр. Бүгінде құқық саласы әрбірімізге керек болып тұр. Жастар өз құқықтарын қаншалықты біледі? Олар құқықтық сауаттылық дегенді қалай түсінеді? Осы тұрғыда «Адырна» ұлттық порталының тілшісі жастардың пікірін сұрап-білді.

Құқықтық сауаттылық дегенді қалай түсінесіз? Өз құқығыңызды қаншалықты білесіз?

Қуантай. Құқықтық сауаттылық әр адамға керек. Әсіресе, қазіргі заманда. Себебі қазір барлық жерде заң үстемдік етеді. Заң жүрген жерде әр адамның құқығы қоса жүреді. Барлық адам тең құқылы. Ешкімнің ешкімге зәбір көрсетуге, әлімжеттік жасауға құқы жоқ. Бұл әр адам білуі керек болған құқықтық сауаттылықтың әлқисасы.

Сонымен тағы нені білуіміз керек дегенде, мыналарды ескерген жөн. Еліміздегі әр тұрғын тегін орта білім алуға, тегін медициналық тексерістерден өтуге құқылы. Бұл мемлекеттің өз азаматтарына жасаған дүниесі. Әлеуметтік желіге көз салсаң, ана дәрігер ақша бермесең қарамаймын деді, мына мұғалім төрттік, бестік баға үшін сыйлық сұрады деген жаңалықтарды көзіміз шалып жатады. Бұл жерде адамның құқығы тапталып жатыр.

Лаура. Құқықтық сауаттылық - ол мемлекеттің құқықтық негіздерімен, нормаларымен таныс болу. Яғни өз құқығын білген адам ғана кез келген ситуациядан оңайлықпен шыға алады. Мысалы отбасындағы құқық бұзушылық, мектеп, ЖОО-дағы құқық бұзушылық. Осылардың барлығын алдын алу үшін өз құқығымызды білуіміз қажет. Сол себепті құқықтық сауатты болу қазіргі қоғам үшін өте маңызды. Өз құқығымды 100% білмесем де, негізгі аспектілерінен хабардармын.

Әмина. Құқықтық сауаттылық дегенді еліміздің Ата заңының өзіме керек тармақтарын білу деп білемін. Мысалы өзім көлік жүргіземін. Соған байланысты заңды толық оқып, өзіме керектерін жаттап алдым деп айта аламын. Себебі заңды білмеген болсам көлік жүргізуге құқығым жоқ деп ойлаймын. Құқығымды толық білемін, өзімнің құқығымды таптатпайтын осы елдің азаматшасымын.

Эльмира. Құқық деген, менің ойымша, адамдарға, айналадағы болып жатқан құбылыстарға сенің жеке қатынасың. Яғни қоғамдағы алатын орныңды білу, жете түсіну және оны ситуацияларда қолдана білу құқықтық сауаттылықты көрсетеді. Әр жеке тұлғаның өз құқығын білуі бірінші өзіне деген, содан кейін басқаларға деген сыйластығын білдіреді. Мысалы мен қоғамдық ережелерді сақтай отырып, басқа адамдардың жеке өміріне қол сұғудан сақтанамын. Менің ойымша, құқық сөзі «әділеттілік» деген сөзбен ассоциация жасайды.

Сымбат. Құқықтық сауаттылық өз орнын қоғамда білу және түсіну деп есептеймін. Әр адамның жеке құқығы - оның комфортты зонасы және оны бұзуға ешкімнің құқығы жоқ деп ойлаймын. Яғни әркімнің өз құқығы бар. Өз құқығымды заңды түрде түбегейлі білмесем де, күнделікті болып жатқан жағдаяттарға қатысты дүниелердің дұрыс немесе бұрыс екендігін ажырата аламын деп ойлаймын.

Маулен. Өз құқығымды жеткілікті деңгейде білмеймін. Десе де журналистік құқықты анау айтқандай меңгердім.

Ел азаматтары өз құқығын білмегеннің зардабын тартып-ақ жүр. Соның бірі менмін. Өткен жолы киім дүкенінен шалбар сатып алдым. Үйге келген соң ұнамай қалды. Одан бері 1-2 ай өтті. Бүгін ғана білдім, алған затты 14 күн немесе 1 айдың ішінде чекті көрсетіп қайтарып алуға болатынын. Жалпы қоғамда өз құқығын білетін адам ғана ұтылмайтын секілді.

Мөлдір. Құқықтық сауаттылық. Адамның жеке басының бостандығына, өмір сүру деңгейіне құқықтық сауаттылықты меңгерудің маңызы зор. Өйткені қай елде, қай жерде жүрсек те, әр адам өзінің құқығын қорғай алуы керек. Сонымен қатар өз құқығын басқаға таптатпау қажет. Құқық бойынша қазіргі таңда бірнеше заңдар мен талаптар бар. Осыны оқыған әрбір азамат жеке басының құқығын қорғай алады.

Өз құқығымды күнделікті өмірде де қолданып жүрмін. Мәселен мен ҚР-ның азаматшасы ретінде сөз бостандығы, яғни өз пікірімді айтып, ақпарат алуға, өмір сүруге құқығым бар.

Дулатбек. «Құдыққа құлан құласа құрбақа құлағында ойнайды» деген атадан қалған сөз бар. Адам қоғамда қаншалықты әлжуаз болса, соншалықты өзгелерден жапа шегеді. Өз құқығыңды білмесең қолынан келгендер қонышынан басудан тайынбайды. Бірақ қазіргі таңда көзі ашық буын әлеуметтік желіде болсын құқық тұрғысында сауатты болуға тырысады. Кез келген жеке шығармашылық туындыға авторлық құқық заңдастырылған. Сондықтан да адамдар ноқтаның тізгінін өкіметке ұстата салып жатады. Қандай жағдай болмасын өз жолын білген адам опық жемейді, қия баспайды.

Арайлым. Құқықтық сауаттылық әр азамат пен азаматша білуі тиіс дүние. Белгілі бір елде тұрып жатсаңыз яки өмір сүрсеңіз сол елдің заң аясымен таныс болуыңыз қажетті нәрсе. Құқықтың адамдар арасындағы қоғамдық қатынасты жақсарту үшін, реттеп, жүйелеп отыру үшін жасалғанын білеміз. Ал құқықтық сауаттылық - өзіңіздің және өзгенің құқығын, заң шеңберіндегі міндеттері мен мүмкіндіктерін білу және оны орнымен дұрыс жүзеге асыру.

Барынша өз міндеттерімді, құқығымды білуге тырысамын. Яки әлеуметтік желіде азаматтардың құқтары жайлы жазылса оқып, есте сақтап аламын. Алайды құқықтық сауттылығымды 20-30% деп бағалар едім. Шыны керек біздің қоғамда құқықтық сауаттылық аса бір жоғары емес. Мектептерде құқық сабағы өткенімен ол жерде сабақ құқыққа қарағанда бір тарих іспетті, сабақ көбінесе заң туралы өз пікірін білдірген ойшылдың өмірбаяны мен қанатты сөздерін оқу арқылы жүзеге асырылады. Әлеуметтік желіге кіріп өз құқықтарымды оқуға тырысқан кездерім болған. Алайда түйгенімнен түсінбегенім көп болды. Тым ғылыми-теориялық тілде жазылған.

Ал сіз өз құқығыңызды қандай деңгейде білесіз?

Дайындаған: Ақмарал БЕРЕКЕТ, 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер