Қазақстанның мемлекеттік бас санитар дәрігері Ерлан Қиясов қазақстандықтарға эпидемиологиялық жағдайы қолайсыз елдерге барудан бас тартуды сұрады, деп хабарлайды коронавирусты таратпау жөніндегі ведомствоаралық комиссия, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.
«Мен сіздерден коронавирустық инфекция кең таралған елдерге барудан бас тарта тұруларыңызды сұраймын. Қазіргі кезде кең таралған елдер санатында Үндістан, Түркия, Еуропаның кейбір елдері мен Латын Америкасы және Оңтүстік-Шығыс Азия елдері бар», – деді Қиясов.
Ол коронавирустық инфекцияның жылдам жүретін және тез таралатын жаңа түрі қоғам мен жалпы денсаулық сақтау жүйесі үшін өте қауіпті екенін атап өтті.
«Демалысты кейінге қалдыра тұрыңыз. Өйткені бұл сіздің денсаулығыңыз үшін ғана емес, жақындарыңыздың өмірі үшін де өте маңызды», – дейді дәрігер.
Айта кетейік, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны артып келеді. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, өткен тәулікте республика бойынша коронавирус инфекциясы 2 883 адамнан анықталды.