Халық қалаулылары бұқара жайына болысып жүр

2576
Adyrna.kz Telegram
@7-su.kz (фото ашық ақпарат көзінен алынды)
@7-su.kz (фото ашық ақпарат көзінен алынды)

«Халыққа қызмет – абыройлы міндет». Қазіргі көпшіліктің ұраны осы. Сөз бен іс бір жерден шықса, бұл ұранына ұран. Бәлки, Әлиханның «Тірі тұрсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген жалынды сөзінен кейінгі ұранға айналғаны қашан. Шынында еліміздің әрбір атқамінері елге, ұлтқа, халыққа қызмет етуі тиіс. Қызмет қылып жүргенін де көз көріп, құлақ естіп жүр. Солардың қатарында бұқараның үнін, халықтың жырын билікке жеткізіп, қолдан келгенінше елдің жайына болысып жүргендердің қатарында үстіміздегі жылдың қаңтарында «халық қалаулысы» деген бейресми атауға ие болған депутаттар да бар. Әдетте істің басталғанын емес, аяқталғанында сын айтар жұрттың әдеті емес пе? Жыл басында әлемді жұмса жұдырығында, ашса алақанында ұстаған пандемияға қарамай сайлау өткіздік. Ел парламентіне, облыстық һәм аудандық мәслихаттарға депутаттарды сайладық. Індеттен келер қауіп пен қатерге қарамадық. Себебі де түсінікті, ел дамуы керек, қоғам ілгерілеуі қажет. Сол қажеттілікті өтеу үшін – бұқара қалаулыларын құтты орындарына жайғастырды. Міне содан бері жылдың төрттен бірі өтіпті. Сайланғандар тындырған қандай тірлік бар? Халық қалаулылары шынын да билік пен бұқара арасындағы алтын көпірлік қызметін атқарды ма? Осындай маңызды мәселелердің тінін тарқатып, жыл басынан бері жасаған шаруаларын елге таныстырмаққа «JETISÝ MEDIA» ақпараттық алаңына Алматы облыстық мәслихат хатшысы Жанболат Жөргенбаев тілшілермен жүздесті.

Жетісу өңірінде «халықтың қалаулысы» болған 360 депутат бар. Оның 45-і облыстық мәслихаттың тізгінін тартқан. Осы депутаттардың 31,1 пайызы нәзікжандылардан құралса, мәслихат мінберінде бұқараның жайын айтып жүрген 35 жасқа дейінгі 8 жас бар. АҚШ-тың атақты жазушысы М.Твен: «Сайлауға дейін кандидат сіздікі болғанмен, сайлаудан кейін ол Конгрестікі» деген екен. Біздікілер «бұқара қызметшісімін» деп жүрген сыңайлы. Оған мәслихат хатшысының сөзі куә.

– Мәслихат депутаттарының негізгі міндеті – халықтың мұң-мұқтажын билік назарына жеткізу арқылы шешілуін қамтамасыз ету болғандықтан, олар үнемі жұртшылық пен мемлекеттік органдар арасындағы диалогты қамтамасыз етуде. Облыстық мәслихатта 6тұрақты комиссияларымыз жұмыс істейді. Жыл басынан бері сол комиссиялар 12 отырыс өткізіп, 24 шешім қабылдады. Мұнан өзге, депутаттар сайлаушылармен кездесу, басқа да бағыттар аясында депутаттық сауалдар жолдап, өңірдегі түрлі мәселелерді көтеруде. Осы уақытқа дейін облыстық мәслихат депутаттары 44 депутаттық сауал жолдады. Халық қалаулылары нысанасына елдің жайы мен бұқараның үнін негізге алды. Сауалдардың негізінде жергілікті атқарушы органдар тиісінше жұмыстар жүргізуде. Сондай-ақ, жыл басынан бері өңірдегі барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары қоғамдық қабылдау негізінде 693 тұрғынның мәселесін тыңдады. Тұрғындар тарапынан түскен мәселелердің 56,4 пайызы нәтижелі шешіліп, қалған 302 мәселе құзырлы орындар тарапына ұсынылып, бақылауға алынды, - деді Ж.Жөргенбаев.

Елдегі пандемиялық жағдайда да мәслихат депутаттары қарап жатпауға бел буғандай. Халық қалаулыларының 95 пайыздан астамы әлеуметтік желімен жұмыс істеуге көшкен. Елдің жайын әлем желі арқылы бақылап та отырады екен. Бұқараның жайына болысуға оның да өз пайдасы тиіп жатқан сыңайлы. Мәселен, облыстық мәслихат депутаттары жыл басынан бері 87,5 миллион теңгеден астам қайырымдылық бағытта қаржылық қызмет көрсеткен. Әрине, жеке есебінен. Осының нәтижесінде 3003 өңір тұрғыны қажетіне қол жеткізіпті. Нақты айтқанда халық қалаулысы Р.Қожасбаев пен С.Қабышева 2 мұқтаж отбасына баспана әперген. Сондай-ақ, С.Сәрсеков өз есебінен баспанасы күрделі жөндеуді қажет ететін тұрғынға 600 мың теңге берген. Оқырманның есінде болар, Еңбекшіқазақ ауданындағы Нұра ауылында баспанасы өртенген отбасының балалары қашықтықтан оқу уақытында оқу үлгерімі нашарламасын ойлап депутат Е.Абитов 470 мың теңгеге смартфондар алып берген. Пандемия кезінде науқастарды емдеуге С.Ақсубаев 10 млн. Теңге, Е.Үшкемпіров 365 мың теңге қаражат бөлген. Тізбектей берсек, халық қалаулылары елдің жоғын түгендеуге біршама жеке қаржысын аударыпты. Бұл да «депутат болдым, мінекей» деген тірлік емес, бұқараға болысудың сипаты. Айтпақшы, мәслихат депутаттары қасиетті айда 200-ден астам тұрғынға ауызашар берген.

Депутаттарды ел тегіннен тегін халық қалаулысы демейді. Олар бұқараның жоғын жоқтаушысы, елдің кем-кетігін түзеуші. Жетісу өңірінің депутаттары сол міндетінен танбағанын аңғартып та жүр. Бастысы, елге болсын деген билік пен халық арасын жалғаған қалаулы азаматтарға қай кезде де сәттілік серік болсын. Тілеулеске тілектестік білдіру керек те шығар.

Дастанбек Садық

Пікірлер