Оспан батырдың есімі көшеге беруге лайық емес пе?

4740
Adyrna.kz Telegram
     Биыл, сәуірдің 29-ында Алтайдың қыраны, қахақтың қаһарманы
Оспан батырдың қазасына 70 жыл толады.  Оспан батыр – Алты Алашқа ұран болуға лайық тұлға.  Батырлардың соңғы тұяғы десек те болады.  Алайда, батыр бабамызды  лайықты  деңгейде  ұлықтап жүрміз бе?
Нар тұлғалардың есімін көшелерге, даңғылдарға, мектептерде, ауылдарға, аудандарға беру әдетке айналды. Тарихта із қалдырған азаматтардың есімдері
қала мен ауылдың карталарында көшелердің атаулары болып қалады.
Жетпіс жыл бұрын, 29 сәуір 1951 жылы Үрімжі қаласында атылған Оспан батырдың есімі еліміздің астанасында, нақты айтқанда қаланың шетінде орналасқан Ильинка елді мекенінде кішкентай көшесіне берілген. Оған қоса,
батыс аймағымыздың орталығында, Орал қаласында, географиялық жағынан Еуропаға жататын Ақжайықтың оң жағында Оспан батырдың көшесі бар.
Ал еліміздің оңтүстік астанасы болып саналған, Қазақстанның ең ірі қаласы – Алматы шаһарында неге Оспан батырдың атында бір де бір көше жоқ? Батырға лайық Алматының төрінде бір жақсы көше табылмады ма?
Тым болмаса, қаланың шетінде бір кішкентай көшеге Оспанның атын бермей ме? Мысалы, қаймағы бұзылмаған қазақ ауылының иісі аңқыған Шаңырақ, Ұлжан, Дархан, Әйгерім сияқты кілең қазақ, соның ішінде Оспанның ар жақтағы Алтай елінен Атажұртқа келген қандастар шоғырланған аудандарда
Оспан батырға бір көше бұйырмады ма?
Алтайда туып өскен, қазақ үшін сайтанмен де келісуге дайынмын деп жүрген, қазақтың елін, қолын бастаған, ту көтеріп қазақ ұлтының мүддесі
үшін өмірін күресте өткізген, өз ауылының, өз руының сойылын емес, бүкіл қазақ халқының, Алты Алаштың сойылын сойған мың жылда бір туатын қасқа батыр ұлықтауға әбден лайық нар тұлға.
Оспанның келбеті – қазақтың келбеті. Оспанның рухы – қазақтың рухы.
Оспанның өмірі һәм тағдыры – қазақтың жыр-дастаны, ал батырдың өзі – аңыз адам деп аталуға лайық елдің ері. Оспанның есімі Кенесары, Исатай, Махамбет, Амангелді, Қабанбай, Райымбек сияқты қатарында тұрады.
Оспан Сіләмұлын қазақ ғана емес, Түркия сыйлап, қаһарман деп танып жүр,
жыл сайын қаза тапқан күнінде батырды еске алуын ұмытпайды.
Жақында ғана Алматыда 100 көшеге есім берілді екен, тағы 7 көшеге есім беріледі екен. Солардың арасында батыр бабамыздың есімі жоқ.
Оспан батырдың  есімі көшеге беруге лайық сияқты, қала басшылығының құлағына алтын сырға болсын.

Асқар БАЙБӨРІ

 

Пікірлер