Шымкент қаласы энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан қаладағы Н.Назарбаев даңғылы мен Ж.Шаяхметов көшесінен Қ.Патеев көшесі аралығында түнгі жарық шамдар орнатылып жатыр.
Аталған көшелердің бойына жарық шамдар орнату жұмыстары осы жылдың 1 наурызынан басталды. Тұрғындардың қауіпсіздігін арттыру мақсатында жасалынып жатқан бұл жұмысқа барлығы 17 маман жұмылдырылған. Қазіргі уақытта 2 шақырым көшеге 51 жарықтандыру бағаналары орнатылып, жұмыстың 70 пайызы аяқталып отыр. 2021 жылдың 15 сәуіріне дейін көшені жарықтандыу жұмыстары толық аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Бұдан өзге, 2021-2023 жылдары көшені жарықтандыру мен оны күтіп ұстау бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 16,4 млрд. теңгеге бірқатар жобалар жүзеге асырылады. Яғни, жоба аясында 312 көше жарықтандырылып, энергия үнемдейтін LED шамдар орнатылмақ. Атап айтқанда, Абай ауданындағы 83 көше, Әл-Фарабидегі 42 көше, Еңбекшідегі 89 көше, Қаратаудағы 98 көше жарықтандырылады. Нәтижесінде қаланы түңгі жарық шамдармен қамту көрсеткіші 70 пайызға жететін болады.
Айта кетерлігі, қала көшелерін жарықтандыруда бірінші кезекте шағынаудандардағы әлеуметтік нысандар орналасқан (мектеп, емхана, балабақша және т.б), орталық маңызға (қоғамдық көлік қатынайтын) ие көшелерін қамту жоспарланып отыр.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі