The Times: Ресей жендеттері мен олар үйреткен көтерілісшілер президентті өлтірді

5069
Adyrna.kz Telegram

Дүйсенбі күні Чадтың президенті Идрис Деби көтерілісшілермен болған атыс барысында ауыр жарақат алып, артынша көз жұмды. Елді 30 жыл билеген президенттің өліміне Ресей жендеттерінің тікелей қатысы бар. Бұл туралы The Times жазды. 

"Осы аптада Чад президенті қаза тапқаннан кейін көтерілісшілер елді толық басып алуға уәде берген болатын. Көтерілісшілердің басым бөлігі Ливияда ресейлік жендеттерден ұрыс қимылдарын үйреніп келгені белгілі болды.  Чад президентін өлтірген FACT ұйымының жендеттерін ресейлік ВАГНЕР жеке әскери компаниясы Ливиядағы әскери қимылдарға қатысу үшін жалдаған. Олар генерал Хафтар жағында соғысып, тәжірибе жинаған. Ресейлік жендеттер  FACT ұйымының мүшелеріне соғысудың жаңа тәсілдерін үйреткен", - деп жазды The Times.

Чад президенті Деби 68 жасында FACT көтерілісшілерімен болған ұрыста қаза тапты. Ұрысқа көтерілісшілермен бірге ресейлік жендеттер де қатысуы мүмкін дейді сарапшылар. Көтерілісшілер президентті жерлеу рәсімінде ұрыс қимылдарын уақытша тоқтатты, себебі бұл ежелгі дәстүрге байланысты. Ал жерлеу рәсімі аяқталған соң, барлық бағыт бойынша шабуылды жалғастыратынын мәлімдеген еді. Олар тез арада Чадтың астанасы Нджамена қаласын басып алуды жоспарлап отыр. Чадтағы көтерілісшілер Ливиядан жаңа әскери техникалар мен қарулар әкелген. Сонымен қатар олардың саны 2000 көтерілісшімен толыққаны белгілі болды. FACT ұйымының көтерілісшілері Ливиядан Чадқа 11 сәуірде қайтып оралып, елдегі ұрыс қимылдары жалғасын тапты.

Ресей соңғы жылдары Африка құрлығындағы түрлі әскери қақтығыстарға белсене қатысып келеді. Ливияда заңсыз Хафтар билігін қолдап, жалдамалы жендеттері арқылы ұрыс қимылдарына араласуда. Африканың бірнеше елінде әскери кеңесшілері жұмыс істеуде. Мәскеу Африкадағы қақтығыстарға араласу арқылы табиғи ресурсты иемденіп, Кеңестік кезеңнен кейін құлдырап кеткен Кремльдің ықпалын аталмыш аймақта қайта қалпына келтіруді жоспарлауда.

Асхат ҚАСЕНҒАЛИ,

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер