"Новая волна-2021" байқауында Қазақстан атынан кім өнер көрсетпек?

3506
Adyrna.kz Telegram

«Жаңа толқын» (Новая волна) халықаралық вокалдық байқауында Қазақстанды Mezzo тобы ұсынатын болады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Жартылай финалдық іріктеу бірнеше күн бойы Мәскеуде өтті. Оған Ресей, Беларуссия, Украина, Қырғызстан, Армения, Грузия, Израиль, Австрия, Австралия, Нидерландыдан 80 музыкант қатысты. Mezzo ABBA репертуарындағы, Westside story мюзикліндегі әндермен және өздерінің жеке әндерімен өнер көрсетті. 19-25 тамыз аралығында Сочиде өтетін байқаудың финалына 20 әртіс өтті.

"Біз жігіттермен бұған өте ұзақ уақыт дайындалдық. Бұл біздің үшінші рет бақ сынауымыз және ол сәтті болып шықты. Бұл біз үшін керемет және қуанышты сәт. Біз осындай беделді халықаралық жарыста Қазақстанның атынан қатысуды армандадық. Біз бұған толықтай дайынбыз. Біздің командада Сочиде лайықты өнер көрсететін барлық қасиет бар. Бізді қолдаңыздар!", деп бөлісті топтың продюсері Абдель Мұхтаров.

Mezzo - бұл классикалық және танымал музыка элементтерінің синтезіндегі классикалық кроссовер бағытында жұмыс істейтін Қазақстандағы алғашқы вокалдық топ. Топ 2012 жылы құрылды. Құрамында: Жасұлан Сыдықов, Жәнібек Сейдахметов, Асан Нұрбергенов және Мейірхан Жантурғанов бар. Команда 2012 жылы X Factor Kazakhstan байқауында 2 орын алып, танымалдылыққа ие болды.

«Детская новая волна» іріктеуі болғанын да атап өтейік. Оған 11 жастағы Жан Маким Қазақстан атынан өнер көрсетпек. Іріктеу үш кезеңнен тұрды. Мыңнан астам қатысушының арасынан қазылар алқасы жас талант Жанды таңдады. Жан шамамен төрт жыл бұрын музыкамен айнала бастады. Фортепиано, электро гитара, укулеле, барабандарда ойнайды. 2019 жылы Жан Маким Ресейдегі «Голос.Дети» жобасына қатысып, содан кейін Валерий Меладзенің командасына қосылды. 2020 жылы ол Junior Eurovision ән байқауының финалисті болды.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер