Бүгінде аяқ-қолы бүтін, құлқын сау, маңайы бүтін бола тұра өмірден баз кешіп, күпірлікпен күн кешіп жүрген жандарды қоғамнан жиі кездестіруге болады. Тәңірдің берген шексіз мүмкіндігін дұрыс пайдаланбай, алтын уақытын текке өткізіп жүргендері қаншама? Шыны керек, кейде соларға қарап іштей налисың. Біз осы орайда екі аяғы арбаға таңылып қалған Сағдат Мелісұлының өмірге деген құштарлығы һәм оның спорттағы жетістігі өзгелерге үлгі болсын деген ниетпен қалам тербегенді жөн көрдік.
С.Дүйсембаев – Көксу ауданының тумасы. Садақ атудан (мүгедектер арасында) Қазақстанның екі дүркін чемпионы және спорт шебері деген білдей бір атағы бар. Енді ол мұндай жетістіке қалай жетті? Оның мүгедектер арбасында отыруына не себеп? Әңгімемізді осыдан бастасақ.
Сағдат 2005 жылы Павлодар қаласындағы бір зауытта тасымалдаушы болып қызмет атқарған. Тағдырдың жазуы болар сол жақта жүргенде бойына ауыр бейнетті жабыстырыпты.
- Бірде демалыс уақытын пайдаланып, Ертіс өзеніне шомылуға барғанмын. Сонда суға сүңгімек болып, жерге мойныммен құладым. Омыртқама қатты зақым тиді, - деді кейіпкеріміз.
Сағдат ота жасатқан соң Павлодарда үш ай жатып, кейіннен Талдықорғанға оралған. Өмірі күрт өзгерген ол бастапқыда қатты қиналғанын жасырмады. Мына жарық әлем, қоршаған орта барлығы оған қызықсыз болып қалғандай көрінді. Алайда, жақындарының демеуімен кейіпкеріміз еңсесін тіктеп, өмірге деген махаббатын қайта оята білді. Тіпті, денсаулығы дұрысталған бойда, «елден қалыспайыншы» деп жұмыс жасаған күндері де болған екен.
Яғни ол алғашқыда көлікке отырып, қала ішінде біраз такси қызметін атқарып көріпті. Уақыт өте келе бұл денсаулыққа зиян екенін түсініп, райынан қайтуға тура келген. Дегенмен, бойында жігері тасып тұрған азаматқа үйде бос жата беру – ауыр тиді. Бір нәрсемен айналысқысы, аяққа жабысқан кеселді ұмытқысы келеді-ақ. Енді, қайтпек керек?
Негізі Сағдат бұрыннан спортқа әуес еді. Әсіресе, футбол десе бар ісін кейінге шегеруге әзір тұғын. Өкініштісі сол, енді оған бұл спорттың есігі жабық. Бірақ, батыл жігіт елдерден сұрастыра келе басқа спорттан өзінің орнын таба білді.
- Садақ ату – төзімділікті, дәлдікті, қырағылықты талап етеді. Сырт көзге оңай көрінетін шығар, бірақ бұл спорттың да машақаты көп. Мәселен, біз күніне 100-150 рет оқ атамыз. Садақты тартқан сайын қолға үлкен күш түседі. Көбісі бұған шыдамайды, - дейді садақшы.
Сағдат Мелісұлының бұл салада жүргеніне биыл 5-ші жыл. Алғашқыда мүгедектерге арналған облыстық мамандандырылған спорт мектебіне келгенде оның мүмкіншілігіне сай келетін арнайы садақ жоқ болыпты. Соның салдарынан біраз уақытын жоғалтып алған екен. Дегенмен, сәті түсіп, соңғы екі жылда садақ атумен білек түре айналысып келеді. 2019 жылы спорт шеберлігіне үміткер болса, биыл спорт шебері атағын иеленіп отыр. Соңғы жетістігіне келер болсақ, бір ай бұрын ғана Алматы қаласында өткен ел біріншілігінде екі алтын, бір күміс медальді еншілеген. Ол жерде спортшы садақ атудың үш түрлі ережесі бойынша шеберлігін сынапты. Мұның алдында (2019 жылы) Талғар қаласында өткен Қазақстан чемпионатында бір алтын, бір күміс медаль тағып қайтқаны бар.
Сағдат қазір Чехияда өтетін әлем біріншілігіне қызу дайындалуда. Ашық аспан астында жаттығу жасап, шеберлігін барынша шыңдап жүр. Арманы – сол жерден жолдама ұтып алып, Жапонияда болатын паролимпиадалық ойындарға қатысу. Осылайша, әлемдік аренада еліміздің көк байрағын биіктен желбіреткісі келеді.
Бізге оның бапкері Айбек Бейсембаевпен де әңгімелесудің сәті түсті. Қазір ол С.Дүйсенбаевтан бөлек, Қайрат Сырқұлов, Александр Рябов, Алла Гризнова сынды мүмкіндігі шектеулі жандарға да білгенін үйретіп келеді.
- Мүгедектерге арналған облыстық мамандандырылған спорт мектебінде жұмыс жасағаныма биыл 10 жыл болды. Бүгінде 8 спортшымен жұмыс жасап жүрмін. Олардың жетістіктері де айтарлықтай. Мәселен, наурыз айында Қазақстан чемпионаты өтті. Бұл додадан садақшыларымыз 9 алтын, 4 күміс, 3 қола медальді еншілеп қайтты. Енді шілде айында Чехияда паролимпиада ойындарына іріктеу сайысы өтпек. Қазір соған дайындалып жатырмыз, - дейді А.Бейсембаев.
Ол осы байрақты бәсекеге 4 спортшыны апармақ ниетте. Оның ішінде біздің кейіпкеріміз де бар. Бапкердің сөзіне сүйенсек, Сағдат қазір бабында тұрған садақшы. Бір сөзбен айтқанда болашағынан зор үміт күтуге болады.