Жетісуда 1000 адамға ауызашарға азық-түлік үлестірілді

2587
Adyrna.kz Telegram

Қасиетті Рамазан айы басталғалы Алматы облысында көптеген игі іс атқарылуда. Осыған сәйкес Талдықорғандағы орталық «Иман» мешітінде 1000 адамға ауызашар ретінде азық-түлік таратылды. Аймақтағы мешіт имамдары ұйытқы болған бұл шараға «Қарайлас» жобасы қолдау көрсеткен.

Жоба жетекшісі Жанәділ Райымбековтың айтуынша, жақында ғана құрылған «Қарайлас» жобасының басты мақсаты – тұрмысында қиыншылығы бар және мұқтаж жандарға көмек көрсетумен қатар жаңадан жұмыс бастаған кәсіп иелерін қолдау. Осыған дейін Алматы маңындағы Байсерке ауылындағы 8 баланың анасы Сәуленің кәсібін қолдап, бірнеше  тігін машинасымен басқа да заттар сатып алып берсе, Гауһар есімді тағы бір жалғызбасты үш баланың анасына арнайы сұлулық салонын ашып берген.

 - Бұл жолғы үлестірілген ауызашар қоржынына да осы «Қарайлас» қоры үлкен көмек көрсетті. Ал, ауызашар тағамы елдегі етек алып тұрған індетке байланысты әр отбасына жеткізіп берілді. Оған аймақтағы жастар саясаты басқармасының жас мамандары, еріктілер және көлік жүргізушілері жан-жақты атсалысты. Таратылған азық- түліктермен  аймақтағы індетпен күресіп жатқан дәрігерлер, басқа да мұқтаж жандар, ораза ұстаушылар, сондай-ақ түрмедегі жазасын өтеп жатқандар мен күзетшілер және тазалықшыларға дейін тегіс қамтылды, -деді ҚМДБ-ның Талдықорған өңірі бойынша бас имамы Ардақ қажы Нүсіпханұлы.

Пікірлер