«Жігітке жеті өнер де аз» деген қазақ атамыз. Кәсіби фотограф болумен қатар бүгінде қолөнерлікті де бірге алып жүрген Жеңіс Ысқабайдың еңбегіне сүйсінбеу мүмкін емес. Оның қолынан шыққан бұйымдар кімді болмасын өзіне бауратпай қоймайды. Талдықорғандық азамат қазір көненің көзіне айналған хан төсек, сандық сынды қазақ халқының ұлттық бұйымдарын жаңғыртып, оларды заманауи нақышқа келтіріп, үлкен іс атқаруда.
– Маған бұл өнер атамнан дарыды десем қателеспеймін. Ол кісі өте шебер болған, қолынан келмейтіні жоқ. Қайыстан қамшы өріп, ер шауып, ағаштан тұрмысқа қажетті бұйымдарды өз қолымен жасайтын. Әкем де қол өнерден кенде болмады. Ол ағаш өңдеудің шебері еді. Сол кісілердің жасаған бұйымдары кішкентайымнан санама әбден сіңіп, есімде қалып қойған. Содан осы өнерге қызығушылығым арта бастады, - деді кейіпкеріміз.
Негізі, әр адам өз жұмысына сүйіспеншілікпен қарауы керек. Сонда ғана оның жасаған ісі жақсы нәтижесін береді. Сөзімізге дәлел болсын Жеңіс Ысқабай сондай жандардың бірі. Ол осы қол өнерге бар уақытын, ықыласын, махаббатын арнаған адам.
- Білмеймін, ағашпен жұмыс жасаған кезде ерекше ләззат аламын. Оны жонып, кескен кезде шығатын иісінің өзі мені рахатқа бөлейді. Әрине, жұмыс барсында шаршайсың, қолыңды кесесің, бірақ, соңында нәтижесін көргенде өзіме көңілім толады. Бір марқайып қаламын, — дейді ол.
Бүгінде Жеңістің бала кездегі әуесқойлығы кәсіпке айналып жатқан жайы бар. Оның қолынан шыққан бұйымдарға ақырындап елдің сұранысы артып келеді. Мәселен, қол өнер шебері осы уақытқа дейін хан төсектің он данасын жасап үлгеріпті. Алғашында бұл бұйымды мұражайдан жәдігер ретінде көрген ол, көне төсекті ағаштан өзі жасап көрмекке бел буған.
- Біз жұмыстан келгенде екі аяқты көтеріп қойып жатқанды жақсы көреміз ғой. Көріп тұрғандарыңыздай бұл төсектің екі жағы қайқы келгендіктен, тынығып алуға өте ыңғайлы. Егер оның үстіне жата қалсаңыз шаршағаныңыз бірден сап тыйылады. Денсаулыққа да өте пайдалы, — дейді Ж.Ысқабай.
Жеңіс Жұмалыұлы жасаған төсектерінің бірнешеуін жақын араласатын достарына мәрттік танытып, сыйға тартып жіберіпті. Қалғанын қалталы азаматтар сатып алған. Айта кетейік, көп уақыт жұмсалып, аса ыждахаттылықпен жасалған заттың құны да жоғары. Шебердің сөзінше, хан төсектің қымбаттығына қарамастан адамдар тапсырыс береді екен.
Қолынан бал тамған азамат сандықтың да бірнеше түрін жасап жүр. Олардың атауы да көлеміне қарай әр түрлі келеді. «Шынар», «Тұмар», «Қарлығаш» сынды сандықтары қараған көздің жауын алады.
Сондай-ақ, кейіпкеріміз балаларға арналған әр түрлі ойыншықтарды ойдан құрастырып шығарғанын атап өткеніміз жөн. Оның да бірнеше түрі бар. Мәселен, «Жорғатайы» — жылқы кейпіндегі тербелмелі ойыншық. Үстінде бала отыруға ыңғайлы орындығы бар. Ал, «Куа-Куасының» атқаратын функциясы тіптен бөлек. Ол өзі әткеншек, кері айналдырсаң көпір. Керек десеңіз үйде баламен шағын футбол ойнасаңыз қақпа да болып бере алады. Қол өнер шебері мұны алғашында интернеттен көріп, кейін дизайнын жетілдіре түскен екен.
- Мойындау керек, қазір кішкентайларымыз сырттан келген сапасы нашар ойыншықтармен ойнап жүр. Оның бала денсаулығына тигізер зияны да жоқ емес. Қарап отырып, бір күні бұл ойыншықтарды мен де жасай аламын ғой деген ой келді, — дейді ол.
Жеңіс Ысқабай қазіргі таңда бір ғимаратты жалға алып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Алдағы уақытта Алматы қаласынан үлкен шеберхана ашу жоспарында бар.