Қар көшкінінің жүру қаупіне байланысты тау бөктерлеріне шығуға тыйым салынады. Алматыда ауа райына байланысты ескерту жарияланды, деп хабарлайды Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Департамент таратқан мәліметтерге қарағанда, жылымықтың аясында жауын-шашынның түсуіне және қар жамылғысының тұрақсыздығы мен биіктігінің жоғары болуына байланысты Үлкен және Кіші Алматы су алабтарында 21-22 сәуір аралығында қар көшкіні қаупі сақталады.
«Көшкін жүру қаупі мүмкін болуына байланысты, қарлы тік жартастарға шығуға болмайды.Тауда абай болыңыздар», – делінген ведомстваның хабарламасында.
«Қазгидромет» РМК деректеріне сүйенсек, қалада ауа температурасы төмендеуі мүмкін.
«21 сәуірде Алматыда күндіз жаңбыр, қар жауады деп күтіледі. Найзағай ойнап, бұршақ жаууы мүмкін. Солтүстік-шығыстан соққан жел, екпіні 10 м/с-ден 23-28 м/с дейін. Ауа температурасы түнде + 5, күндіз +7 жылы болады», – деп хабарлаған болатын «Қазгидромет» РМК филиалы.