Дәмханадағы жарылыс. Қаза тапқандардың саны артты

Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/sm5XV8zHxEr0TLSPMzO8oJ4FP9910feJCif1Prtr.jpg

26 ақпанда Ақмола облысының Щучинск қаласындағы дәмханада болған жарылыс пен өрт салдарынан қаза тапқандар саны сегіз адамға жетті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ауыр күйік алған науқастардың бірі “Авиценна Бурабай” ауруханасында көз жұмған. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін барлық қажетті ем-дом шараларын жүргізгенімен, науқастың жағдайы тым ауыр болған.

Қазіргі уақытта оқиға салдарынан зардап шеккендер өңірдегі медициналық мекемелерде ем қабылдап жатыр. Төрт адам Көкшетаудағы Ақмола облыстық көпсалалы ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер олардың үшеуінің жағдайын ауыр, бірақ тұрақты деп бағалап отыр. Мамандар әзірге оларды басқа қалаға тасымалдау мүмкін емес екенін айтады. Тағы бір науқастың денесінің 85 пайызы күйіп, жағдайы аса ауыр күйде қалып отыр.

Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермектің айтуынша, зардап шеккендердің бір бөлігі санитарлық авиация арқылы жеткізілсе, тағы бір науқас реанимобильмен тасымалданған. Қазіргі таңда ауыр халдегі пациенттер жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Олардың жағдайы күн сайын дәрігерлер консилиумы арқылы бақылауда. Емдеу барысында заманауи терапия әдістері қолданылып, Астанадағы Шұғыл медицина орталығымен тұрақты байланыс орнатылған.

Пікірлер