Әлемдегі жалғыз лимузин-ұшақ ешкімге керексіз болып шықты

2893
Adyrna.kz Telegram

Аспан деген тұнып тұрған романтика ғой,  шіркін... Жай ғана деміңді ішке тереңірек тартып, көкке бір көз тастаудың өзі қиялыңды шарықтатып әкетпейді ме? Қанатын кеңге жайып, көкте еркін самғаған құс атаулыға қараған адам баласы аспанға ұшуды ежелгі заманнан бастап-ақ армандай бастады. «Ұшатын кілем» тәрізді қиял-ғажайып әңгімелер мен аңыздар осыған айқын дәлел болса керек. Алайда адамзат аспан әлемін тек 20 ғасырдан бастап қана бағындыра бастады. Американдық ағайынды екі жігіттің арқасында өмірге ұшақ келді.

Ұшақтар адам өмірін айтарлықтай жеңілдеткенімен, жеке ұшақ иеленуге екінің бірінің қолы жете бермейді. Сондықтан да, адамдардың көпшілігі автокөліктердің рөліне отырды. Осыдан соң адамдар ұшатын автомобильдер туралы да қиялдай бастады.

Әсіресе үлкен қалаларда сағаттап көлік кептелісінде тұрған кезде астындағы машинаңа қанат бітіп, ұшып кеткенін қалайтынын айтпаса да түсінікті.

Иә, расымен де ұшатын автокөлік шығаруды армандайтын адамдардың саны әлемде миллиондап саналады. Осыны ескерген инженерлер мен өнертапқыштар ұшатын автокөліктердің ондаған сызбаларын сызып, концепцияларын жасағанымен, аспанда да, жерде де жүре алатын темір тұлпарды әзірге ешкім жасап шығара алмады. Қазіргі таңда мұндай идеяны жүзеге асыру техникалық тұрғыдан мүмкін емес болып тұр.

Әйткенмен де, авиаромантиктердің оңай беріле салатын жөні жоқ. АҚШ-тың Орегон штатында тұратын Дэн Харрис есімді дизейнер бұрын қолданыста болған бизнес джетті салтанатты лимузинге айналдыруға шешім қабылдапты. Шағын LearJet ұшағын лимузинге айналдыру идеясын жүзеге асыруға 2 жыл уақыт, 40 000 жұмыс сағаты мен 1 миллион доллар қаражат жұмысалыпты. Нәтижесінде дүниеге әлемде ешбір теңдесі жоқ бірегей лимузин келді. Оған Limo-Jet деп ат қойылды.

Ұшу қызметін тоқтатқан ұзындығы 42 фут немесе 13 метрлік ұшақтың қанаттарын алып тастап, флюзеляжына болаттын жасалған арнайы жақтау орнатылып, 28 дюйм болатын дөңгелекпенжәне газотурбиналық қозғалтқыш динамигімен жабдықталды.

Ерекше лимузинге 400 аттың күшіне тең болатын 8,1 литрлік «Chevrolet Vortec V8»қозғалтқышы орнатылды. Лимузин бензинмен жүреді және сағатына 160 км/сағ жылдамдықпен қолғалады. Салмағы – 5443 кг.

Алғаш рет 2018 жылдың жазында сынақтан сәтті өткен Лимо-джеттің ішіне 18 адам сыйады және қарапайым лимузиндерден басты айырмашылығы иллюминаторлары ғана. 42 дюймдік плазмалық теледидар, жұмсақ дивандар, әртүрлі жарық түсіретін және музыкалық аппараттармен т.б. барлық керек-жарақпенжабдықталған линузинге арнайы патент те берілген.

Барлық құжаттары реттелген соң иесі линузин-ұшақты сатуға шешім қабылдап, «Mecum Auctions» аукционына шығарады. Алғашында кем дегенде 5 миллион долларды құрайды деп күтілгенімен, ақыр соңында 600 мың долларға дейін арзандатылады. Қырсық шалғанда ерекше лимузинді сатып алуға ешкім де қызығушылық танытпайды. 2020 жылғы маусымдағы алғашқы аукционда сатылмай қалған лимузин-ұшақ осы жылы қайтадан сатылымға шығарылмақ. Алайда қазірдің өзінде сатып алуға ниетті адам табылмапты. Осылайша, әлемдегі жалғыз түйір лимузинге айналдырылған ұшақ ешкімге керексіз болып шықты...

ОРАЛБЕК ӨТЕҒҰЛОВ,

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер