Ресей Қазақстанға АЭС салуға дайын

3698
Adyrna.kz Telegram

Қазақстан мен Ресейдің бейбіт атомды қолдану бойынша әріптестігі алға жылжып келеді дейді Ресей елшісі Алексей Бородавкин. Ресей Қазақстанға АЭС салғысы келетіні жайлы баяндады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Abai.kz-ке сілтеп.

"Қазақстан атом электрстанциясын салу туралы шешім шығарса, Ресей салуға дайын", — деді Ресей елшісі Бородавкин "Ресей және Қазақстан: стратегиялық әріптестіктің 30 жылдығы" атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда.

Ол Қазақстан мен Ресей арасындағы түрлі сала бойынша әріптестік алға жылжып келе жатқанын тілге тиек етті. Елшінің көзқарасы бойынша Еуразия кеңістігіндегі халықтар жыл өткен сайын бір-бірімен әріптестікті арттыруға мүдделі болуда.

"Қазақтар мен орыстар Ұлы Отан соғысында бірге соғысып, фашистік Германияны талқандады. Дәл Қазақстан жерінен адамзат ғарышқа қадам жасады. Қазақстанда КСРО-ның ядролық қалқаны жасақталып, Үшінші дүниежүзілік соғыстың қаупі сейілді. Біз КСРО кезіндегі репрессияны да, 30-жылдары болған аштық пен халықтарды күштеп қоныстандыруды да, ядролық сынақтардың әсерін де есте сақтап келеміз. Бұлда біздің ортақ тарихымыз ғой", — деді Бородавкин.

Елші Қазақстан мен Ресей бүгінде тең құқықты одақтас әрі әріптес екенін айта кеткен.

"Біздің әріптестігіміз коронавируспен күрес кезінде айқын көрінді. Ресей Қазақстанға ауқымды көмек беруді жалғастырып келеді. Дәрігерлер мен ғалымдар арасындағы әріптестік артты. Қазақстанға ресейлік "Спутник V" вакцинасын жеткізу қарқыны артуда, ал Қарағандыда вакцина шығару жолға қойылды", — дейді Ресей елшісі.

Естеріңізде болса ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы Қазақстанда атом электрстанциясын салу жоспарда жоқ екенін, АЭС салу қажет болса референдум арқылы халық шешетінін айтқан еді.

Бұл Ресей елшісінің алғашқы АЭСқа қатысты алғашқы пікірі емес. 2021 жылдың 10 ақпанында: "Қазақстанға әлемдегі басқа елдер сияқты таза энергия қажет. Осы саладағы ең тиімді шешімдердің бірі - атом электр станциялары. Электр энергиясының тапшылығын ескере отырып, АЭС салу Қазақстан үшін өзекті тақырыпқа айналуда. Росатом зауыттың қауіпсіздігі мен экологиялық тазалығына кепілдік бере отырып, бұл жобаны қабылдауға дайын. Кейбір ақпарат құралдарында таратылған орыс атомы туралы фобиялардың шындыққа жанаспайтынын атап өткім келеді. Ресейлік АЭС-тарда қолданылатын ең заманауи технологиялар құрылыс кезінде де, осы объектілерді пайдалану кезінде де қауіптің болмауын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, АЭС жобасы электр энергиясынан басқа Қазақстан экономикасының көптеген салаларына серпін береді, білікті жұмыс орындарын ашады және ядролық физика саласындағы жоғары білім сапасын арттырады",- деген еді Ресей елшісі.

Қазақстан халқы мен сарапшылар АЭС салуға өз қарсылығын білдіріп келеді.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер