(Алақандай эссе)
Сонымен, сол жылы журфакқа артық-кемі жоқ, тұп-тура елу ақын түстік. Ешкім өзін біреуден кем санамайды. Екейдің елу бақсысы сияқты шетінен екі иығын жұлып жеп тұр. Бір-екі жыл өтер-өтпесте арамыздан нағыз ақындар іріктеліп шығады-ау, қалғанымыз шаң қауып қаламыз-ау деген ой тіпті миымызға да кірмейді. Әсіресе, қимылы шапшаң, айқайлап сөйлейтін, шашы тікірейген мына бір ақынның екпіні ерекше.
«Туған жер алтын бесік, Қызыл қалам, Жаратқан мені сенің топырағыңнан» деп арқырап өлең оқығанда құлағыңды жарып жібере жаздайды. Жарғақ құлағыңның жайын ойлап, екінші өлеңін оқымай-ақ қойса екен деп іштей тілеп отырасың. Ол бірақ қайтпайды. Алтыншы, жетінші өлеңінен кейін орысша кетеді. «О, Жанна!..» деп қойып, тереңнен толғайтын кәдуілгі махаббат лирикасына көшеді. Өз қиялындағы Шаганэсін тапқан біздің әдепкі «едіреңдеген» Есениніміз сол еді. Бірақ ұзамай ата тегін Есенинге ұқсатып, Үсенин деп қол қойып, жыр толғаған Бауыржан Үсенов пен барша жұртты мойындатқан ақын қыз Гүлнар Салықбаева ортамыздан суырылып шыққан соң, жаңағы кірпі шашты кірпияз ақынымыз поэзиядан қол үзіп, шабытын шақыруды мүлде тоқтатты. Бұған өзі де қуанды, біз одан бетер қуандық... «Өлеңді қайтіп қоярсың...», – деп қасарысып қатып қалғанда қайтер едік?, Сол жылы оқуға түскен елірген елу ақынның бірі – Қарақалпақстан жерінде туып-өскен, әскерден келіп, университетке әзер табан іліктірген курстасымыз Құтмағамбет Қонысбаев болатын.
Қайратты курстасымыздың өлең жазудан басқа да өнері жеткілікті еді. Орысша сөйлеп кеткенде анау-мынау орысыңа дес бермейтін. Бойына біткен бар дауысымен ән шырқаған кезде, айналасындағы ел үдере көшіп кеткенімен, біз жылжымай, қайсарлықпен шыдап, соңына дейін тыңдап отыратынбыз. Бес жыл бойы қарақалпақтардың түрлі қосықтарын әуелетті. Әсіресе, «Әйләма, қызлар» деп қайталап соғып отыратын күлдіргі әнге басқанда бағанағы тарыдай шашырап кеткен көңілсіз көрермендеріміз қайта түгелденетін. Оған қоса кәсіби өрт сөндіруші ретінде жұртқа мәлім. Есеп-қисапқа өте жүйрік. Кез-келген бухгалтердің артық-ауыс қатесін бірден шығарып береді. Оны айтасың, әскерде жүргенде бокспен шындап шұғылданыпты. Тәп-тәуір жұдырықтасқанға ұқсайды. Арманы асқақ, дәмесі зор. «Жалпы, мен олимпиадаға қатысуым керек. Мәскеу олимпиадасы болса, өтіп кетті. Енді төрт жылдан кейін, құдай қаласа, Лос-Анджелеске барам», - деп ширығып жүретін. Біздің Құт АҚШ түгілі өзіміздің КазГУ-дің боксшыларын өйтіп-бүйтіп жуасыта алмай жүргенде, кеңестік елдер Лос-Анджелеске барудан бас тартты да, оның Олимпиада чемпионы болсам деген арманы әдіре қалды.
Бірақ осы түрлі себепке байланысты бітіңкіремеген екі шаруасынан (ақындық пен боксерлік) басқа қолға алған ісінің аяқталмағанын көргеніміз жоқ. Оқу бітірген соң «Совет Қарақалпақстаны» газетінде жауапты қызмет атқарды. Өзбекстанда қазақ басылымдарын ашты. Сол газет-журналдарды сапалы шығарам деп, Алматыдан Нүкіске қазақ қаріптерін теретін баспахана құралдарын арқалап тасығанын білеміз. Осы дүниені иелену үшін екі білегін сыбанып, бал сатқанын да көрдік. Сөйтіп, ол бақ-несібесінің бәріне маңдай терін тамшылатып, адал еңбегімен жетті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында сол елдегі қандастарды қазақ жұртына көшіруге мұрындық болды. Жалпы, ұлтқа көп пайдасын тигізді.
Әрине, оның ептеген, ептеген емес-ау, едәуір қызбалығы бар. Сол мінезінен көрген зиян-запыраны да жетіп артылады. Ет қызуымен айтуын айтып алып, опынған жері жетерлік. Бірақ оның қазақ көшін жалғау жолындағы еңбегі бәрін де ұмыттырып жібереді. Бірге оқып жүргенімізде «Ой-ой, Құтекең, Группамның құты екен!» деп әндететінбіз. Содан соң «Құтекеңе ешкім де қой демейді, Саясатсыз сірә да сөйлемейді. Ала қашып әр жаққа үрпиген шаш, Группамның тәртібін бейнелейді» деп термелететін едік...
Ең қызығы мынау болды. Оқу бітірер сәтте ескерткіш ретіндегі фото-албомға түспейміз бе... Қалыптасқан дәстүр бойынша, топтағы студенттердің бейнесін Қазақстанның картасына туып-өскен өңірінің тұсына қарай орналастырады. Оңтүстік облыстардың перзенттері тығыздау топтасып, иін тіресіп тұрған сол суретте біздің Құтмағамбет республика картасының сыртында қалып қойыпты... Енді Қарақалпақстанда туған жігітті Қазақстан картасының ішіне қалайша тықпаламақ?! Сол кезде жастықтың әсерімен әбден күлгеніміз есімізде. Шынында, бұл күлетін нәрсе емес еді...
Әйтсе де, карта сыртындағы курстасымыз Қазақстанды осы елде туған бәрімізден де жақсы көрді. Тіл мен ділдің жоқшысы болды. Ұлт мүддесі үшін басын тасқа да, тауға да соқты. Талай рет сау басына сақина тілеп алып, дауға да түсті. Беделді ақпарат құралдарында шыңдалды. Қазір «Ақиқат арнасы» деп аталатын газеттің бас редакторы болып қызмет істейді.
* * *
Бүгін - сол бір кезде карта сыртында қалғанымен, кейін атажұртына мықтап табан тіреген қажырлы да қайсар курстасымыз Құтмағамбет Қонысбайдың туған күні! Арамызда арқырап аман жүре бер, Құтеке!
Бауыржан ОМАРҰЛЫ