Балқашта бірнеше күн әбігерге салған тілсіз жау құрықталды

2735
Adyrna.kz Telegram

Балқаш ауданында бірнеше күннен бері жанып жатқан құрғақ шөп пен қамыстың өрт ошақтары жойылды. Бұл туралы "Жетісу" газеті Алматы облысының төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап хабарлады.

Көкжиде ауылы маңындағы Ақкөл ауылдық округіндегі жану ошағы 2021 жылдың 16 сәуірінде жергілікті уақытпен сағат 20-30-да (ауданы - 30 га) жойылды. Ертеңінде Жиделі ауылдық округінде Жиделі ауылының маңындағы (ауданы 45 Га) және сағат 11-14-те Қараой ауылдық округінде (жану алаңы нақтылануда) жану ошағы жойылды.

Балқаш ауданында өртті сөндіруге Алматы облысы ТЖД, орман шаруашылығы, "Қазавиаорманқорғау", жергілікті атқарушы органдар, Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерваты және ерікті өрт сөндіру құрамаларының 139 адамы мен 20 техникасы жұмылдырылды.

Бірлескен күш-жігердің арқасында тілсіз жау ауыздықталып, төрт шаруа қожалығы аман қалды. Олардың үшеуі Жиделі ауылдық округінде және біреуі Ақкөл ауылдық округінде орналасқан. Аталған округ тұрғындары өрт ошақтарын сөндіруге жұмылдырылған барлық қызметкерге үлкен алғыстарын білдірді.
Құрылған комиссия өрттің жалпы ауданын және келтірілген материалдық залалын нақтылауда.

"Қазавиаорманқорғау" мен Алматы облысы ТЖД қызметкерлері жасаған аэровизуалды ұшу кезінде Көктал ауылдық округінің Қоскүмбез учаскесінде немесе өзен атырауындағы жетуі қиын, сулы-батпақты аралдарда қамыстың жану ошақтары бар екенін анықтады, онда қандай да бір құрылыстар табылған жоқ.

Естеріңізге сала кетейік, Балқаш ауданында өрт сөндірушілер бірнеше күн бойы Жиделі, Ақкөл және Қарой ауылдық округтерінде құрғақ шөп пен қамыстың үш ошағын сөндірген еді.

Пікірлер