Қасым-Жомарт Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжановты қабылдады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Ақорданың хабарлауынша, Тоқаевқа 16 сәуірде өткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте берілген тапсырмаларды орындау барысы туралы хабарланды. Марат Ахметжанов Агенттіктің қылмыстық процестің үш деңгейлі моделіне толыққанды көшуге дайындығы туралы айтты.
Президент сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес әдістерін жаңарту, жұмыс барысында жіберілген қателіктер мен қасақана жасалған қылмыстарды ажырату, сондай-ақ қылмыскерді қылмыс құрамы түгел болған жағдайда ғана жауапқа тарту қажет деп атап өтті.
Сонымен қатар, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласып, көлеңкелі сауданы қолдаушы мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін қатаң қарастыру бойынша міндеттер қойылды.
Мемлекет басшысы Агенттікке сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың алдыңғы қатарлы тәжірибесін зерделеу және мемлекеттік органдардың қызметін тиісті үйлестіруді жүргізу тұрғысынан халықаралық ұйымдармен тығыз жұмыс туралы бірқатар тапсырмалар берді.
"Адырна" ұлттық порталы