Масқара жағдай. Тоқаев Абай облысындағы жолдардың жедел жөнделгеніне қатысты пікір білдірді

2372
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ақорда
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысына келуіне орай жолдардың жедел жөнделгеніне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Ақорда жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Орманшылардың отбасы мүшелерінің бірі Тоқаевқа ауылда жолдың болмағаны туралы айтты.

Біздің Успенка ауылында ешқашан асфальт болған емес. Шағал жол ғана. Мұндағы адамдар асфальтты өмірінде көрмеген. Тіпті қазір өрт сөндіруге келгендердің көлігі де дұрыс жүре алмады. Жол жөндеңдер деп шағымдансақ, өтінішімізге құлақ асқан емес. Ылғи «қаржы жоқ» деп қайтарады. Ал қазір сіз келеді деген соң жолдарды жөндеп шықты, әдемілеп былай жамап қойған. Қараңызшы, - деді ол.

Мемлекет басшысы жауаптылар жазаланатынын айтты.

Мен келеді деп аяқ астынан жол жөндей бастау дұрыс емес. Бұл – мүлдем масқара жағдай. Мен бұл туралы оқыдым, білемін. Кінәлілер жазаланады, - деді Мемлекет басшысы.

Еске салайық, кеше желіде «Абай облысына Президент келетін болған соң жолдар шұғыл жөнделіп, асфальт жамалып жатқаны» жайлы хабар тарады. Телеарнадан арнайы сюжет те көрсетілді.

Осыған байланысты Абай облысының әкімдігі бұл ақпаратты жоққа шығарып, мәлімдеме жасаған болатын.

«Бородулиха-Жерновка-Поллог» аудандық маңызы бар жолында көлік құралдарының, оның ішінде құтқару қызметі мен волонтерлердің қозғалыс қарқыны артты. Осыған байланысты өрт сөндіру штабына келіп-кететін автомобиль ағынын ескере отырып, қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету және жүру бөлігін шаңнан арылту мақсатында жолдағы шұңқырлар уақытша бітелді, - деп хабарлаған болатын әкімдік.

Пікірлер