Жетісулық жеткіншек Гарвардтан шақырту алды

3059
Adyrna.kz Telegram

Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Сезім Ертанатов Гарвард университетінен шақырту алды.

Жас жеткіншектің білім алудағы жетістіктері, қатарластары арасынан даралайтын көшбасшылық қасиеттері, үлкен жұмыс қабілеттілігі Сезімге өз жоспарын жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Өйткені, АҚШ-тағы ең танымал университеттердің біріне түсу - бұл кездейсоқтық емес, қажырлы еңбек пен тынбай ізденудің нәтижесі.

Гарвард оқу орны- жоғары білім беру стандарттарымен танымал американдық, элиталық университеттердің бірі.
Сезім Гарвардтың компьютерлік ғылымдар бөлімінде бакалавриатқа түсуді жоспарлап отыр. Оның сөзінше елімізде сандық технологияны дамыту әлі де кешеуілдеп жатыр. Жеткіншек өз білімін жетілдіру арқылы отандық IT саланы ілгерілетуді көздейді.

- Мені әрқашан ақпараттық технологиялар теориялық және математикалық тұрғыдан қалай жұмыс жасайтыны қызықтырады. Қазіргі уақытта мен Java, C ++, PHP сияқты бағдарламалау тілін үйрендім. Мен сондай-ақ түрлі веб-сайттарды жасағанды, деректі фильмдер түсіргенді және редакциялағанды ұнатамын, - дейді Гарвардтың болашақ студенті.

Сезімге дәріс беріп жүрген математика пәнінің мұғалімі Зухра Нурлыхановнаның айтуынша, жас жеткіншектің болашақта табысты маман болуға барлық мүмкіндігі бар. Ол өз бетінше оқуға қабілетті, белгілі бір мәселелер мен сұрақтарды шешудің әртүрлі нұсқаларын меңгерген. Мақсаттылық пен саналы басымдылық - оның ең мықты қасиеттері.

Оның тапқырлығы тек математика сабағында ғана емес, жалпы мектептің өзін-өзі басқару «Көшбасшылық» саласында да айқын көрінді. Мектеп қабырғасында Сезім бірқатар еріктілер қозғалысын ұйымдастырды, кәсіптік бағдарлау комитетін ашты және БҰҰ моделі ойыны бойынша қалалық конференция ұйымдастырды. Сонымен бірге ол информатика және қазақ тілі пәндерінен «Жас ғалым», «Дарабоз» атты халықаралық, республикалық олимпиадаларының жүлдегері және жеңімпазы атанды.

- Сезім, менің ойымша, республиканың көптеген мектеп оқушылары үшін өзінің табандылығы мен нақты жоспарлау қабілетінің арқасында әлемдегі ең үздік университетке түсе алған адамның үлгісі болды. Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің тарихында Сезім - Гарвардқа шақырылған екінші оқушымыз», - дейді директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Ерали Бижанов.

Пікірлер