Қоғамда мектеп институты мәселелері мен педагог мәртебесі, жалпы ұстаздың бала тәрбиесіндегі алатын рөлі жиі талқыланатын тақырыпқа айналды. Осыған қатысты "Адырна" тілшісі 10 жылдық тәжірибесі бар арнайы маман, Алматы қаласы №172 мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Бекмуханбет Назерке Серікқызымен сұхбаттасты.
- “Педагог мәртебесі” туралы заң күшіне енгеннен кейінгі мектеп институтында өзгерістер байқалды ма? Заңға тағы қандай ұсыныстар қосқан дұрыс деп ойлайсыз?
- Әрине байқалып жатыр. Қазіргі таңда 10 жылдан бері бастауыш мұғалімі болып қызмет атқарып келемін. «Педагог мәртебесі туралы заң» күшіне енгеннен бастап жиындарға және басқа да дүниелерге мұғалімдерді тарту бір жола жойылды. Ең бастысы мұғалімдердің материалдық жағдайлары жақсарды, еңбекақылары көбейді. Сонымен қатар мұғалімнің базалық білімін тереңдетуге әр түрлі курстар пайда болды және ол курстар қолжетімді түрде жүзеге асуда. Сондай-ақ, мұғалімнің оқушымен жұмыс жасауында ғылыми-әдістемелік әртүрлі платформаларды қолдануға барлық жағдайлар жасалды. Қандай да бір заң бұзушылық орын алып жатқан кезде де, мұғалімдердің құқығын қорғайтын арнайы заңнамалар бар екендігі және олардың тиісті жұмыстарын атқаратындығы қуантады.
Заңға ұсыныстар бойынша, аттестация мәселесінде нақтылық керек деп ойлаймын. Себебі мұғалімдердің аттестациядан өтуі бір жүйеге келуі керек және қазір осы дүние қолға алынып та жатыр. Арнайы платформа құрылып, цифрландырылады деп түсіндіруде министрлік. Бұрынғы бұйрықтың бәрінің күшін жойып, жаңа бұйрық орнату жоспарлануда. Ұстаздар болып осы саладағы өзгерісті күтудеміз. Мұғалімдер үшін оңтайлы тәсіл таңдалса деп ойлаймын. Өйткені, аттестация мәселесі өте маңызды дүниелердің бірі. Барлығын автоматтандырады деген де сыбыс бар. Сайып келгенде, баяғы әуенімізге басып қағаз жинап, бір жұмысты екі жұмыс қылып, біздің сабақ беру, бала тәрбиелеу деген басты міндетіміз екінші орында қалып кетпейтіндей жүйе енгізілсе деген ниеттеміз.
- Біздің қоғамның дамуына қай бағыттағы жастар жетіспейді?
- Менің ойымша қоғамға техникалық мамандықтардағы жастар жетіспейді. Себебі, бізде мектеп қабырғасынан бастап кез келген дүниенің теориялық негізі үйретіледі. Балаларға ерте кезден тарих, химия, биология сынды пәндерлен теориялық ілім түсіндіріледі. Десе де, техникалық мамандықтарды екінің бірі таңдай бермейді. Демек біз теорияны ұғына алғанымызбен, практикаға салғырт қарап кетіп жатамыз. Қазір техникалық мамандықтар да аз. Сәйкесінше ол мамандықтарға сұраныс аз болғаннан кейін де жұмыс табу да қиындап кетуде. Техникалық мамандықта оқитын жастар көп болатын болса, сол салаға ден қойылып, дамуға негіз болар еді деп ойлаймын.
- Оқушылардың сыни ойлауы мен проблеманы шешу дағдыларын дамытуға бағытталған арнайы бағдарламалар немесе бастамалар бар ма?
- Бастауыш сынып мұғалімі ретінде әрбір алдымда отырған оқушының сыни ойлауы мен проблеманы шеше алу дағдысына ерекше назар аударамын. Себебі теориялық білім мен қатар оқушы мектептен ертең өмірге қажетіне жарайтындай білім алып кетуі тиіс. Кез келген тақырыпты өтсек, кез келген жаңа ақпаратты өмірмен байланыстыра отырып, оқушылардың тек қана теориялық білім емес, сонымен қатар сыни ойлап, өз көзқарастарын, өз пікірін білдіруді үйрете алуымыз керек.
Ал жалпы мектепте жоғары сыныптардан бастап дебат клубтары бар. Дебат – қазіргі таңда жастар арасында қарқынды даму алған интеллектуалды, даму ойыны. Дебат ойыны арқылы жасөспірім қоғамдағы өзекті мәселелерге қанығып, сол нәрсені түсініп, сыни ойлап, оны шешу жолын да қарастыра алатын болады. Дебат ойыны – бала үшін үлкен мектеп.
- Сіздердің мектептеріңізде оқушылардың практикалық білімі мен тәжірибесін арттыру үшін сыртқы ұйымдармен немесе мамандармен серіктестік бар ма?
- Мектебіміз түрлі білім беру ұйымдарымен және кітапханалармен, тағы да басқа балалардың білімі мен тәжірибесін арттыруға арналған орталықтармен серіктестік қызмет атқарады. Соның ішінде 9-10 сынып оқушылары үшін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетімен, Қыздар педагогикалық университетімен, №1 Қазақ педагогикалық колледжімен және әр түрлі экономикалық, бизнес колледждерімен серіктеспіз. Оқушыларымыз сол жақпен танысу үшін, қандай мамандықтар бар екенін, оқу бітіргеннен кейін қандай маман иесі болатындарын шешу үшін де арнайы түрде барып тұрады. Сәйкесінше ол жақтың да мамандары да келіп, мектеп оқушыларына түрлі пайдалы дәрістер оқып кетеді.
- Мектептеріңізде балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын дамыту мақсатында қандай шаралар жүзеге асуда?
- Мектебімізде «Оқуға құштар мектеп» жобасы талай жылдар бойы іске асырылып келеді. Бұл жоба 1-10 сынып оқушыларын қамтиды. Әр түрлі сыныптың жас ерекшелігіне байланысты түрлі іс-шаралар қолданылады. Мақсаты әрине баланың оқуға деген қызығушылығын артыру, кітапсүйгіштікке баулу.
Апта сайын түрлі кітаптар ұсынылып, көркем шығармалардың оқиғалары талданып, дөңгелек үстелдер құрылып, ашық пікірталас шаралары жиі өтеді. Жақсы талдама жасап, белсенділік көрсеткен оқушылар марапатталып, видеороликтер әзірленіп, жарияланымдар жасалады. Бұл жобаға ата – аналар да қатысады. Яғни оқуға отбасылық кітаптар да беріледі.
Дайындаған:
Дина ЛИТПИН,
«Адырна» ұлттық порталы