Қазақстан коронавирус жұқтырушылар саны бойынша әлемдік рейтингіде 110-орында, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Әлемде коронавирус жұқтыру бойынша жағдай әлі де алаңдатарлық. АҚШ-та бір тәулікте 76 мың жаңа жағдай тіркелді. Түркия (62 мың жаңа жағдай), Франция (43 мың), Германия (32 мың), Польша (21 мың) сияқты Еуропа елдерінде коронавирус инфекциясының өсімі байқалады. Көптеген ел үкіметтері шектеу шараларын күшейту бойынша шаралар қабылдауда. Түркия Республикасында коронавирус жұқтырушылар санының өсуіне байланысты біздің елде Мемлекеттік шекарада санитарлық-карантиндік бақылау күшейтілді, Түркиямен халықаралық рейстер қысқартылды. Бүгінгі күнде www.worldometers деректері бойынша әлемде 139 млн-нан астам COVID-19 жұқтыру жағдайы тіркелген, ауру өсімі – 0,6. Көз жұмғандар саны – 2 984 721 адам, өлім көрсеткіші– 2,1%.
1 миллион адамға қайта есептегенде ең нашар жағдай Чехияда, онда көрсеткіш 148,269, АҚШ-та - 96,682, Францияда - 78,759, Түркияда - 47,331, Германияда - 36483 болды.
Пандемия басталғалы Қазақстан Республикасы бұл рейтингіде 1 миллион тұрғынға шаққанда 14,565 индикаторымен 110-орынды иеленді, COVID-19-дан қайтыс болғандар саны бойынша Қазақстан әлемде 107 орында, коронавирус инфекциясынан сауығып шыққандар үлесі 98,4%-ды құрайды. Халықты КВИ тестілермен қамту бойынша Қазақстан әлемдік рейтингіде 71-ші орында.
Эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін Қазақстан Үкіметі шектеу шараларының кешенін жүзеге асыруда, сондай-ақ халықты COVID-19-ға қарсы жаппай вакциналауды жүргізуде. Бүгінгі таңда 560 мыңнан астам азамат егілді, күн сайын 70 мыңнан астам адам вакциналанады.
1 ақпаннан бастап аймақтарға «Спутник V» вакцинасының 922 мың дозасы жеткізілді. Өңірлерде вакциналардың 417 мың дозасы бар. Сәуір айында барлығы 2 миллионнан астам адамды вакциналау жоспарланған, яғни тиісті контингенттің 23,4% -ын құрайды. Өндірушілермен жүргізілген келіссөздерді ескере отырып, Қазақстанда бірінші жартыжылдықта 6 миллионнан астам вакцина дозасын қабылдау жоспарланып отыр, бұл тиісті контингенттің 64%-ын қамтуға мүмкіндік береді».
Бүгінгі күнде республика бойынша КВИ-ға қарсы иммундау науқанына 1281 егу кабинеті тартылған, оның ішінде 230 жылжымалы көшпелі егу пунктілері сауда орталықтарында, халық көп жиналатын жерлерде және шалғай аудандарда, ұйымдасқан ұжымдарда вакцинация жүргізу үшін тартылған. Жылжымалы көшпелі егу пунктілерінде оқытылған медициналық қызметкерлер бар, арнайы тоңазытқыш жабдығымен жабдықталған.
Айта кету керек, жалпы ҚР Үкіметі қабылдаған шаралар кешені короновирус инфекциясы бойынша әлемдік рейтингіде жақсы көрсеткіштерге қол жеткізуге мүмкіндік берді.