Мемлекеттік сайттардың кемшілігі мен осалдығын анықтап, оны жоюға көмектескен қазақстандықтарға ақшалай сыйақы төленеді. Бұл туралы "Мемлекеттік техникалық қызмет" АҚ ақпараттық қауіпсіздіктің ұлттық үйлестіру орталығының директоры Серік Холдас мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.
Қазақстандықтар сайттың осалдығы туралы Bug Bounty бағдарламасының көмегімен хабарлай алады.
«Мұндай бағдарламалар көптеген ірі компанияда – Mail.ru, Яндекс, Uber, Google-да бар. Егер қандай да бір маман, хакер жүйенің осалдығын тапса, ол оны тапсырып, ақшалай сыйақы ала алады. Қазақстанда біз бірегей бағдарламаны іске қостық, мұндай бүкіл әлемде жоқ. Азаматтар барлық мемлекеттік жүйеде анықталған осалдық туралы хабарлай алады», - деді Холдас брифингте.
Ол Ұлттық банкпен бірлесіп BugBounty бағдарламасына барлық банкті қосу мәселесі шешіліп жатқанын айтты.
«Осал емес жүйе болмайды, тіпті пентагонның өзін бұзып жатады. Бірақ қалай да соны қорғау процесін ұйымдастыру қажет. Мәселен, өткен аптада зерттеушілердің бірі бүкіл қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуге әсер ететін осалдықты анықтады. Мұның өзі осы бағдарламаның қаншалықты пайдалы екенін көрсетеді», - деді орталық директоры.