Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнетақы төлеу жүйесіне қатысты маңызды ақпаратты жариялады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы мемлекеттік органның ресми сайтына сілтеме жасап.
Айта кетейік, 2018 жылы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы әрбір адамның зейнетақы жүйесіндегі тәжірибесін ескере отырып, жеке-дара тағайындалады. Осы жүйеге сәйкес, 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.
Осылайша, зейнетақы жүйесіндегі жұмыс өтілі 10 жыл немесе одан аз болған жағдайда немесе мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 процентін (19 мың теңгенің айналасында ) құрайды. Ал 10 жылдан асқан әр жыл үшін 2 процент қосылады.
"Мысалы, егер сіз 20 жыл қатыссаңыз, базалық зейнетақы күнкөріс деңгейінің 74 проценті, 30 жыл – 94 процентін, 33 және одан да көп жыл жұмыс өтілі болса, күнкөріс құнының 100% жоғары мөлшерінде белгіленеді. Егер бір ай ішінде мемлекеттік зейнетақы жарналары бірнеше рет Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жасалса, жинақтаушы жүйеге қатысу мерзімі бір айды құрайды", - дейді министрлік мамандары.
Осылайша, міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық салынатын болса, адам зейнетақы жасына жеткенде базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшерін соғұрлым көп алады.