Трамп тұрқы қысқа көлікті ұнатты. Кей-кар қайтер екен?

166
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/gzzgGc3hY6EFKWLuN1YJMmR4Zaw7ZE77Ii3Pjq0l.jpg

АҚШ президенті Дональд Трамп жуырда отын үнемдеу жөніндегі міндетті нормаларды жеңілдетіп қана қоймай, елде жапондық кей-кар шағын автомобильдерін шығару туралы ұсыныс айтты, деп хабарлайды "Адырна".

Бұл бастама президенттің Жапонияға сапары кезінде туған. Ондағы өте ықшам, үнемді әрі қала ішіне арналған көліктерді көрген ол «Неге америкалықтар мұндай машиналарды алмайды?» деген сұрақ қойып, олардың АҚШ-тағы әлеуетін бағалауға қызығушылық білдірген.

Алайда мамандар кей-карлардың АҚШ талаптарына сай келмейтінін атап өтті. Мұндай көліктер қатаң FMVSS қауіпсіздік стандарттарынан өте алмайды және үлкен пикаптармен, әсіресе Ford F-150 секілді ауыр көліктермен қақтығысқан жағдайда мүлдем қорғаныссыз болуы мүмкін.

 Президент бұл шектеулердің бір бөлігін алдыңғы әкімшілік енгізген әділетсіз талаптар деп бағалап, көлік министрі Шон Даффиге Toyota, Honda және басқа өндірушілердің АҚШ аумағында осындай шағын машиналар шығарудың мүмкіндігін қарастыруға тапсырма берді.

Автоиндустрия сарапшылары кей-карлардың АҚШ нарығында танымал болуы екіталай екенін айтады. Себебі америкалық тұтынушылар шағын автомобильдерге аса қызықпайды: мысалы, FCA/Stellantis ұсынған Fiat 500 секілді одан ірі модельдердің өзі кең қолданысқа ие болмады. Ал ұзындығы небәрі үш метр, мотоцикл моторына ұқсас шағын қозғалтқышы бар көліктерге сұраныс тіпті төмен болуы мүмкін.

Соған қарамастан, АҚШ-та Жапониядан әкелінетін ескі шағын фургондар мен коммерциялық көліктерге қызығушылық бар. FMVSS стандарты бойынша шығарылғанына 25 жыл толған көліктерді импорттауға рұқсат етіледі. Жолаушылар нұсқалары да экзотикаға әуес жүргізушілердің назарын аудара алады, бірақ жалпы нарықта айтарлықтай үлеске ие болады деу қиын.

Мамандардың айтуынша, кей-карлар АҚШ-та кең тарамаса да, ретро-жанкүйерлер мен ерекше техниканы ұнататындар арасында өз орнын табуы мүмкін.

Пікірлер