Ресей 10 әскери кемесін Қара теңізге жіберді. Оқу-жаттығу жиынын өткізбекші.
Бұған жауап ретінде АҚШ 2 әскери кемесін Қара теңізге жіберетін болды. Монтре келісімі бойынша АҚШ Қара теңізге кеме жіберетін болса 15 күн бұрын Түркияға хабарлауы тиіс. Қара теңізге келгеннен кейін 21 күн ғана қала алады. Қара теңізбен шекарасы жоқ елдер үшін Стамбул бұғазынан өтудің Монтре шарттары осындай. Бүгін АҚШ кеме жіберетіні жөнінде Түркияға хабар салды.
Мамыр айында НАТО Украинада 27 мемлекеттің қатысуымен соңғы 25 жылда болмаған ең ірі әскери оқу-жаттығу жиынын өткізеді. "Defense of Europe 2021" деп аталатын бұл жаттығуда НАТО әскері Украинаны қорғауды пысықтайды.
Жалпы Монтре келісіміне 1936 жылы қол қойылған. Ол бойынша Қара теңізге шекарасы бар елдер Стамбул бұғазынан тегін әрі қалаған уақытында өтеді. Ал өзге елдер 15 күн бұрын хабарлап Қара теңізге келсе де 21 күннен артық қала алмайды. Қазір Түркия Монтре келісімінен шыққысы келеді. Панама, Суэц каналы секілді бұғаздан кемелердің өткені үшін ақша алуды көздейді. Бүгінгі таңда өзге мемлекеттер Түркияға бұғазды жарықтандыру, сервистік қызмет үшін ғана азын-аулақ қаржы төлейді.
Бірақ бір риск те бар. Монтре келісімі тоқтатылса әрі жаңа келісімге қол қойылмаса Стамбул бұғазы халықаралық су жолы ретінде есептеліп, Түркияға мүлде ештеңе төленбейді. Сондықтан да Түркия Монтреден шыққысы келгенімен жаңа келісімге өзге елдерді көндіре қоюы екіталай. Көнбейді де. Кім артық ақша төлегісі келеді?..
Ердоғанның айтып жүрген Стамбул каналының астары осында. Жылына 40 мың кеме өтетін, бірақ қауіпсіз өткізу сыйымдылығы 25 мың кеме болатын бұғазды жартылай пайдаланып, өзге елдерді түрлі сылтаумен жаңа каналмен өтуге мәжбүрлеу. Қаржы табу. Дұрыс идея негізі. Іске асса әрине. Бірақ оппозиция осыған қарсы. Экология, жер сілкінісі болуы мүмкін, Стамбул бір аралға айналады деген сылтаулары бар. Көрейік кім жеңеді.
Қазір Ердоған билігі каналды салуға асығуда. Себебі 2023 жылы сайлау. Оған дейін ірі жобаларды іске асырып үлгеруі тиіс. Сайлауда жеңілу рискі де бар. Оппозиця Ердоған билігінің жаңа аэропорттан бастап барлық ірі жобаларына қарсы шығып келеді.
Бауыржан СЕРІКБАЕВ,
"Адырна" ұлттық порталы