Қазақта «Аға өлсе – жеңге мұра, іні өлсе – келін мұра» деген мақал бар. Бұл әмеңгерлік салтынан туған нақыл болатын. Әмеңгерлік дегеніміз — дәстүрлі құқықтық мәдениеттің негізгі институттарының бірі. Күйеуі өліп, жесір қалған әйелдің қайын ағасына немесе қайын інісіне, яки жұбайының ең жақын туыстарының біріне тұрмысқа шығуы, некелесуі. Бұл жесірін жылатып, жетімін қаңғыртпау үшін жасалған дәстүр болатын болатын. Әлеуметтік желіде "Әмеңгерлік жаңа заман талабына сай ма?" деген сұраққа желі қолданушылары қызу пікір білдіруде. Назарларыңызға сол пікірлердің бірқатарын ұсынсам.
Есет Қалманов есімді аазамат "Зорлықсыз, екі тараптың разылығымен болса қолдаймын" деген пікір білдіріпті. Ал Ербол Болысов есімді желі қолданушысы "Жесір келіншек өзі шешім қабылдауы керек!" деген ойын білдірген.
Bauirjan Berdibaev деген азамат бұл дәстүрге қатысты мынандай пікір қолдырыпты: "Дәстүрге заманның қатысы жоқ. Адамның ниеті мен адамгершілігі маңызды. Өз туысыңыздың ұрпағын көшеге қаңғытып әркімнің қол астына тастау адамгершілік деп санамаймын. Ата-бабаларымыз осы тұрғыда ұтымды пайдаланған деп есептеймін. Жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған халық едік, енді заман сылтауымен жетімдерімізді далада қаңғытып, жесірлерімізді әркімнің астына салып отырысымыз мынау. Бұл дегеніміз эгойстікпен, топастығымыз деп ойлаймын".
Сүйрік Баккараева деген азамат әмеңгерлікке қатысты былай дейді: "Менің ойымша дұрыс, бірақ қазіргі жастардың тәрбиесімен, көзқарасынан алып қарасақ дұрыс пікір қолдамайды. Мен өзімде қайын ағам немесе қайным ретінде сыйлап жүрген адамдығ кейін жарым ретінде көз алдыма елестете алмаймын. Мен өзім қолдай алмайды екенмін".
Ал Туганай Есенгабылова атты желі қолданушысы бұл дәстүрді дұрыс санайды екен. "Өзінің тегін құрметтейтін, тұқымына жаны ашыйтын, ата дәстүрді ұстанатын адамдар , әмеңгерлікті қолданады! Дұрыс-жол!" деп пікір қалдырыпты.
Рауана Бейсен атты желі қолданушысы бұл дәстүрді құптамайтынын жазыпты. "Мен үшін қажет емес ұғым. Әрине бұрын ата-бабаларымыз "өз қанымыз" деп жесірін жылатпай өз ұрпағын басқа елмен шатаспауы үшін қолданды. Бірақ менің жеке көзқарасым маған дәл қазіргі қоғамда өте дөрекі, дұрыс емес сияқты" деп пікір білдіріпті.
Tauke Bolatbay есімді желі қолданушысы бұл дәстүрге қатысты былай дейді: "Әмеңгерлік дұрыс бағыт! Жесір жалғыз қалмайды, шаңырақтың оты сөнбейді, ал бала өз туыстарының арасында өседі! Заман орнында, күн шығыстан шығып батысқа батып жатыр. Адами ұғымдар өзгерді, ниет пен пейіл өзгерді. Ұлттығымыз шайқалғаны анық! Халық болып, ұлт болып ұйыса біліп, ұлттығымызды қалпына келтіре алсақ көп жоғалтқанымыз ортамызға оралар еді!"
Бұл дәстүрдің қажеттігін дінмен де түсіндіріп жатқан жандар бар. Клара Лаханкызы есімді желі қолданушысы: "Қайындары туған бауырындай боп қалған соң, жесір әйел ондайға көне қоймайды. Бірақ туған қайнысы емес, екі-үш ата болса жесір таңдап, біреуінің етегінен ұстау керек, сонда балалар жетімдік көрмей өседі. Исламда әйелдің жесір жүруі харам, оның жалғыздан жалғыз көшеге шығуына тиым салынған" деп жазады.
Гульдана Асанова есімді азамат: "Өте дұрыс! Ата-бабамыздың ұстанымдарымен жүрсек қанекей! Жетім-жесір, өгей əке, жат отбасы болмас еді, бір анадан 2-3 ұрудың балалары тумас еді, қатыгездік, жезөкшелік, маскүнемдік, педофилдік дегеннің ауылы алысырақ болар еді" деген пікір білдірсе, Сержан Шокеев "Керек. Өте дұрыс. Ағайын-туыс арасында жетімін жылатпау үшін, жесірін қаңғытпау үшін, ақылға салып, келісе отырып шешкендері дұрыс. Таңдауды міндетті түрде жесірдің өзіне беру қажет. Жесір өзі таңдауын жасап, қайынағасының ба, қайын інісініңбе етегінен өзі ұстайтын болады" деп ой топшылайды.
Nazira Musa есімді азамат бұл дәстүрге қарсы шықты. "Керек емес! Ол дұрыс емес, өз жеңгеңдi қатын қылып алу деген сұмдық! Ұрпағын жылатқысы келмесе көмектессiн! Жағдайын жасап берсiн! Бұрын болған шығар, бірақ қазір 21 ғасыр! Әркімнің өз таңдауы бар!" деді ол.
Асхат ҚАСЕНҒАЛИ,
"Адырна" ұлттық порталы