Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа "Спутник V" коронавирус вакцинасы салынды. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
«Бүгін Мемлекет басшысы Қарағанды фармацевтикалық зауыты шығарған "Спутник V" вакцинасын қабылдады. Президенттің вакцина салдырғаннан кейінгі хал-жағдайы жақсы. Ешқандай жанама әсерлер жоқ. Мемлекет басшысы вакцина салдырып, ұжымдық иммунитет қалыптастыру арқылы ғана Қазақстан азаматтары коронавирусты жеңе алатынына, барлық шектеулердің алынатынына, халықтың қалыпты тұрмыс-тіршілігіне қайта оралатынына сенімді. Қасым-Жомарт Тоқаев барша халықты мейлінше тезірек вакцина салдыруға шақырды. Бұл – өзіңді және жақыныңды қорғаудың жалғыз жолы.
Бұған дейін Президент Үкіметке және жергілікті атқарушы органдарға шетелден вакцина жеткізуді қамтамасыз етуді және отандық вакцина өндіруді жолға қоюды, сондай-ақ, екпе салу үдерісін ұйымдастыруды тапсырған болатын" деп жазды Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы.
2021 жылы қаңтарда Президент қазақстандық коронавирус вакцинасы сәтті сыналған жағдайда оған вакцина егілетінін айтқан еді.
«Біз отандық вакцинаны сынаудың оң нәтижесі болады деп үміттенеміз. Бұл жағдайда мен қазақстандық вакцинамен вакцинацияланамын, егер ол әрине жақсы нәтиже көрсетсе. Мен бұл жағдай жақсы нәтиже көрсетеді деп үміттенемін», - деді Тоқаев кеңейтілген үкіметтің 26 қаңтардағы кездесуінде.
"Адырна" ұлттық порталы